Қазақстандағы 462 мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық Кеңсе жекешелендіруге жататын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізбесін қалыптастырды.

 Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық Кеңсе
Фото: Бәсекелестікті қорғау және ждамыту агенттігі

Жүргізілген талдау және экономикалық тиімділікті есептеу негізінде бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын 461 субъект таңдалды.

- Кәсіпорындардың қалыптасқан пулы реформалар жөніндегі Жоғары Кеңеске жіберіледі, содан кейін жекешелендірудің Кешенді жоспарына енгізіледі. Бұл жұмыс 2028 жылдың соңына дейін жекешелендіруді мониторингілеумен аяқталады, – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров.

Салалар бойынша бұл субъектілер келесідей бөлінеді: ОЭК – 200; өнеркәсіп және индустрия – 20; АӨК – 147; БАҚ, көлік және байланыс – 14; әлеуметтік сала – 76; қаржы нарықтары саласы-4. Бұл тізбеге Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 8 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кірді, оларды сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру ұсынылады; Түркістан облысы әкімдігінің «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені мен басқа да бірқатар ұйым бар.

Сондай-ақ, 7 футбол клубын жекешелендіру ұсынылып отыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың IV Ұлттық құрылтайда олардың коммерциялануы мен облыстық бюджеттерге тәуелсіз, өздігінен қаржылануының маңыздылығын атап өткен ұстанымына сәйкес келеді.

Төраға Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен мемлекеттің экономикаға қатысуының негізгі тәсілдері айқындалғанын еске салды. Бұл, ең алдымен, жеке нарық жоқ немесе өз функцияларын орындай алмайтын салаларда ғана мемлекеттің көмекші рөлі. Сондай-ақ, мемлекеттің нарық субъектілеріне уақытша қатысу принципі бекітілген, яғни мемлекет жеке ойыншылар пайда болғаннан кейін сектордан шығуы керек.

Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық Кеңсе 2024 жылғы 28 мамырда Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында құрылды. Кеңсенің құрамына негізгі ведомстволардың бірінші басшылары, министрлер орынбасарлары мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері дәрежесінің басшылары, Парламент депутаттары, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сараптамалық қоғамдастық және «Атамекен» ҰКП мүшелері енген.

Осыған дейін жекешелендіруге берілетін объекті иелеріне қандай талаптар қойылатыны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар