Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандағы бес жылу нысаны ерекше бақылауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл электр стансаларын жөндеуге энергия нысандарының меншік иелері 384 млрд теңге бөліп отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9% көп.

ЖЭО
Фото: Алматы әкімдігі

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаржы электр энергиясы тарифі есебінен қалыптасады. Әрбір станса жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте қажет ететін ең тозған учаскелерді өз бетінше анықтап, жаңарту жұмыстарын жүргізеді.

2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық кезінде де энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға қомақты қаражат бағытталған. 2025 жылы электр стансаларын жөндеуге 348 млрд теңге жұмсалды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6% артық. Сонымен қатар жылу желілерін жаңартуға 129 млрд теңге бөлініп, көрсеткіш бір жыл ішінде 16% өсті.

Жүргізілген жұмыстар аясында электр стансаларында 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина күрделі жөндеуден өтті. Электр желілерінде 17 мың шақырым электр беру желісі мен 420 қосалқы станса жаңартылып, 323 шақырым тозған жылу желісі ауыстырылды.

Нәтижесінде энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігі артып, жабдықтардың тозу деңгейі төмендеді. Электр стансаларындағы тозу көрсеткіші 53%-ға, жылу желілерінде 50%-ға, ал электр желісі нысандарында 66,2%-ға дейін азайды.

2025 жылғы желтоқсан айындағы ең жоғары жүктеме кезеңінде энергетикалық жүйе 17,3 ГВт қуат өндіріп, қысқы кезеңдегі қажеттілікті қамтамасыз етті. Соның арқасында тұрғын үйлердегі температуралық режимнің бұзылу жағдайлары үш есеге қысқарды: 65 жағдайдан 21 жағдайға дейін төмендеді. Сонымен қатар электр стансаларындағы технологиялық бұзушылықтар саны 15%, электр желілеріндегі ақаулар 12% азайды.

Алдағы жылыту маусымына дайындық кезінде тәуекелі жоғары нысандар ерекше бақылауда тұр. Қазіргі таңда «қызыл» аймақта бес жылу энергетикалық нысан бар: Семей, Орал және Тараз қалаларындағы ЖЭО, Ақтау қаласындағы ЖЭО-2 және Теміртаудағы ГРЭС-1.

Жыл қорытындысы бойынша электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысы кестеден едәуір кешігіп жатқанын хабарлағанбыз.