Қазақстандағы әлеуметтік төлемдер жүйесі жаңа Конституцияға сай өзгертілді
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидасына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Онда бала туу, бала күтімі, көпбалалы отбасылар бойынша берілетін жәрдемақыны төлеудің қағидаларын өзгерту көзделген. Сонымен қатар марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға төленетін төлем де өзгеруі мүмкін.
Түсіндірме жазбаға сәйкес, жоба нормативтік құқықтық актілерді жаңа Конституцияға сәйкестендіру мақсатында әзірленген.
Ұсынылып отырған өзгерістер техникалық және құқықтық сипатқа ие. Осы арқылы қолданыстағы ережелер жаңа конституциялық нормаға бейімделмек.
Жобаға қатысты қоғамдық талқылау 2026 жылғы 15 маусымға дейін жалғасады. Ал Мемлекет басшысының 2026 жылғы 17 наурыздағы №1206 Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерді 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіруі қажет.
Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсететін жеке көмекшілердің жұмыс уақытына қатысты жаңа талап туралы жазған болатын.