Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке қанша қаражат жұмсалады
АСТАНА. KAZINFORM — Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елдегі алғашқы АЭС құрылысын қаржыландыруға қатысты түсінік берді.
Айта кетейік, бүгін ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттік пен ресейлік «Росатом» арасында Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы, сондай-ақ оның құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттік экспорттық несие беру туралы үкіметаралық келісім бекітілді.
— Бұл ретте ұзақ мерзімді несие ұсынылады. Оның параметрлері Қазақстан үшін өте қолайлы. Бұл мәселе ҚР Қаржы министрлігінің құзырында, — деді А. Сәтқалиев.
Оның айтуынша, алдын ала есептеулер екі энергоблоктың құрылысына шамамен 14,4 млрд доллар қажет екенін көрсетті. Қауіпсіздік пен әлеуметтік инфрақұрылым жүйелеріне тағы 2 млрд доллар бағыттау жоспарланған.
Жоба қазірдің өзінде іске асыру сатысында тұр, инженерлік зерттеулер жүріп жатыр. Алаңдағы негізгі құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталады деп жоспарланған.
— Орташа алғанда, құрылыс 10 жылға дейін созылады. Бірақ әріптестерімізбен келісе отырып, бірінші блок 2034 жылы, яғни бірінші бетон құйылғаннан кейін жеті жылдан кейін іске қосылады деп уағдаластық, — деді агенттік төрағасы.
Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентіне Балқашта АЭС салуда батыл қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.