Қазақстандағы әрбір төртінші ЖОО-ны әйелдер басқарады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде Қазақстандағы әрбір төртінші жоғары оқу орнына әйел басшылық етеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда тарихи тұрғыдан әйелдер білім мен ғылым саласында маңызды рөл атқарып келеді.
— Жоғары білім беру жүйесіне тоқталсақ, бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының 66% әйелдер құрайды. Ғылыми ұйымдарда да әйелдердің үлесі басым — олардың саны 55%-дан асады, — деді Гүлзат Көбенова Астанада өткен Global Businesswomen Council ұйымының IV пленарлық отырысында.
Оның айтуынша, әйелдер білікті мамандар даярлауға, академиялық ортаны дамытуға және ғылыми зерттеулерді ілгерілетуге зор үлес қосып келеді. Олардың кәсібилігінің арқасында ғылыми сабақтастық сақталып, заманауи білім беру технологиялары енгізіліп, ғалымдардың, зерттеушілердің және жоғары білікті мамандардың жаңа буыны қалыптасып келеді.
— Жоғары білім саласындағы әйелдер көшбасшылығын дамыту да маңызды міндеттердің бірі. Қазір Қазақстанда 120-дан астам жоғары оқу орны жұмыс істейді. Соның 30-ында басшылық қызметті әйелдер атқарады, — деді вице-министр.
Оның сөзінше, әйелдер педагогика мен әлеуметтік ғылымдардан бастап инженерия, ақпараттық технологиялар және медицинаға дейінгі ғылымның барлық негізгі бағыттарында табысты еңбек етіп келеді.
— Ең көп әйел-зерттеуші жаратылыстану ғылымдары саласында жұмыс істейді, олардың саны 4 мыңнан асады. Одан кейін инженерия және технологиялар бағыты келеді, онда 3 мыңнан астам әйел еңбек етеді. Сондай-ақ гуманитарлық және өзге де ғылыми салаларда әйелдердің үлесі жоғары, — деді Гүлзат Көбенова.
Вице-министрдің айтуынша, мемлекет әйелдердің жоғары білім алуына және ғылыми әлеуетін дамытуына жүйелі түрде жағдай жасап келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарына түскен талапкерлердің 55%-дан астамын қыздар құрады. Магистратурада білім алушылардың 59%, ал докторантурада 65% — әйелдер.
Қыз-келіншектер арасында ең сұранысқа ие бағыт — педагогикалық мамандықтар. Бұл салада олардың үлесі 67%-ға жетеді. Медицинада — 60%, ауыл шаруашылығы мен ветеринарияда — 49%, математика және статистика бағытында — 71%.
Сонымен қатар техникалық мамандықтарды таңдайтын қыздардың саны да артып келеді. Қазір бұл бағыттағы студенттердің 59%-ын әйелдер құрайды.
Сондай-ақ жас әйел-зерттеушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Олар үшін гранттық қаржыландыру тетіктері, ғылыми тағылымдамалар, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, оның ішінде АҚШ университеттерінде білім алу және біліктілікті арттыру мүмкіндіктері қарастырылған.
Бұған дейін Премьер-министр орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқаратынын айтқан еді.
Сондай-ақ, Қазақстан мұғалім мамандығының қоғамдық беделі бойынша әлемде екінші орында.