Қазақстандағы ауқымды реформалар қазіргі сын-қатерлерге жауап беруге қауқарлы - өзбекстандық сарапшы

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Белді өзбекстандық саясаттаушы, «Ma'no» зерттеу бастамалары орталығының директоры Бахтиёр Эргашев Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бахтиёр Эргашев
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сұхбат басында сарапшы атап өткендей, Қазақстанның саяси жүйесі тиімді теңгерімді ұстап тұруға екпін түсіре отырып, жаңа сапалы даму деңгейіне өтіп жатыр.

- Жаңартылған Парламент рөлінің күшеюі сарапшылардың ерекше назарында. Қазақстан осы уақыт аралығында парламентаризмнің екі палаталы жүйесін сынақтан өткізді. Енді ел үшін тұрақты жұмыс істейтін, ықшамды, бірақ өкілеттігі айтарлықтай нығайған бір палаталы Парламент құру қажет. Атап айтқанда, алдағы уақытта кадрлық тағайындаулар тек Құрылтайдың келісімімен жүргізіледі. Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі реформалайтын маңызды әрі жауапты кезең туды. Бұған дейін ілкімді істер жергілікті және орталық атқарушы билік органдары деңгейінде де жүргізілген. Дегенмен жаңа саяси бағдар жылдам өзгеріп жатқан әлемдік жағдайға тез бейімделіп, бұрын-сонды болмаған сын-қатерлер мен міндеттерге жауап беруге қауқарлы болуы тиіс, - деді Бахтиёр Эргашев.

Сарапшының пікірінше, әр мемлекет Парламентін өзінің саяси, экономикалық және әлеуметтік саладағы ұлттық мүддесіне сай қалыптастырады. Осы орайда, Қазақстанның артықшылығы көп модельге көшуі қазіргі сын-қатерлерге дер кезінде тиімді жауап беруге деген ұмтылысын растайды.

- Қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда екі палаталы парламент жүйесі жұмыс істеп келеді. Мұның да өз артықшылығы бар. Мәселен, төменгі және жоғарғы палата арасындағы теңгерім сақталады. Яғни, дептутаттар тобының кейбір популистік қадамдарын Сенат тежей алады. Алайда, кемшіліктері де жоқ емес. Мысалы, АҚШ-тағы екі палаталы парламенттің өз тарихы бар. Ол жақта мемлекет штаттардан құралады. Тиісінше, әр штат төменгі палата мен Сенатта өкілдігін иеленгісі келеді. Ал қазір біз Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыру үрдісі жүріп жатқанын көріп отырмыз. Енді заң шығару механизмі тиімді болады. Жағдай әрқашан кітапта жазылғандай бола бермейді. Сондықтан нақты тәжірибеге сүйену керек. Менің ойымша, бауырлас Қазақстандағы белді сарапшылар бұл мәселені жан-жақты талдады және бағалады, сәйкесінше болашаққа үлкен міндет қойды. 20 миллион халқы бар Қазақстан үшін бір палаталы Парламент өңірлердің де, тікелей сайлаушылардың да мүддесіне сай келеді, - деп өз пікірін түйіндеді өзбекстандық саясаттанушы Бахтиёр Эргашев.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы конституциялық реформалар туралы еуропалық сарапшылар пікір білдірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар