Қазақстандағы балабақшаларда Face ID жүйесі енгізіле ме – министр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында Face ID жүйесін енгізу әзірге міндетті емес екенін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, қазір технология пилоттық режимде қолданылып жатыр.
«Face ID әлі пилоттық режимде, яғни міндетті емес. Бұл соңғы шешім емес, себебі бақылаудың және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басқа да көптеген түрлері бар... Ұсыныс туралы айту әлі ерте, жоба бірнеше өңірде пилоттық режимде іске асып жатыр. Оның қаншалықты тиімді екенін осы зерттеу әтижесі көрсетеді», - деді Ғ. Бейсембаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Министр қазір мемлекеттік білім беру ұйымдарында 100 пайызға жуық бейнебақылау орнатылғанын айтты. Бұл жағынан жекеменшік мекемелер сәл артта қалып отыр.
Мектепке дейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Искакова Қазақстанда 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым бар екенін, оның 5,5 мыңы мемлекеттік, қалғаны жекеменшік саналатынын айтты.
«Биылдың басында министрліктің тиісті нұсқауына өзгертулер бекітілгендіктен, жекеменшік балабақшалар 96 пайыз камерамен қамтамасыз етілген. Сондықтан оны 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатын қойдық. Бізде мектепке дейінгі ұйымдардың 96 пайызға жуығына мемлекеттік тапсырыс беріледі. Оны алу үшін меншік нысанына қарамастан кез келген мектепке дейінгі ұйым бейнекамерамен қамтамасыз етуі керек», - деді департамент өкілі.