Қазақстандағы бизнес субъектілерінің жартысына жуығын әйелдер басқарады — Аида Балаева
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Global Businesswomen Council ұйымының IV отырысы өтіп жатыр.
Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева құттықтауын жолдады.
Оның айтуынша, Қазақстанда әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге қолайлы жағдай жасау бағытындағы заңнама жүйелі түрде жетілдіріліп келеді.
— Қазақстан гендерлік теңдік саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Конституция әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктеріне кепілдік береді. Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қолданыста. Сондай-ақ 2035 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде әйелдер экономикада басшылық орындарды иеленіп отыр, — деді Аида Балаева.
Елдегі Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру мәселесіне ерекше мән береді. Президент тапсырмасы бойынша комиссия әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырып келеді.
— Қазіргі таңда комиссия әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Бұл құжат мемлекеттік қолдау шараларын, оқыту бағдарламаларын, қаржыландыру тетіктерін және жаңа экономикалық жағдайда әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды бір арнаға тоғыстырады, — деді министр.
А. Балаеваның мәліметінше, бүгінде елімізде 1 миллионнан астам әйел кәсіпкер тіркелген. Әйелдер шағын және орта бизнес субъектілерінің тең жартысына жуығына жетекшілік етеді, әрі ШОБ саласындағы жұмыспен қамтылғандардың 1/3 астамын қамтамасыз етіп отыр.
Сонымен бірге, әйелдер кәсіпкерлігі негізінен қызмет көрсету саласында шоғырланған. Ал ірі бизнес құрылымдарындағы әйелдердің үлесі әлі де жеткіліксіз күйінде қалып отыр.
Айта кетейік, елімізде экологиялық жобалардағы әйелдер үлесі артып келеді.