Ең үлкен облыс Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қалай
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе — жер көлемі жағынан еліміздегі ең үлкен облыс. Мұнда тау-кен, мұнай-газ саласында өндіріс орындары көп. Сонымен бірге мал және өсімдік шаруашылығы дамып келеді. Kazinform өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму статистикасын ұсынады.

Ақтөбе облысында 12 аудан бар. Ал Ақтөбе қаласы Алматы және Астана аудандарына бөлінген. Қазіргі кезде облыс халқының саны 948 мыңға жуықтады. Оның 75,4%, яғни, 714 мыңнан астамы қалаға шоғырланған. Ал қалған 233,5 мыңы ауылдарда тұрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 9 айда 13600-ден астам сәби өмірге келді. Қайтыс болған адам саны — 4301.
Көші-қон былтырғыға қарағанда сәл бәсеңдеген. Өткен жылы 1500-ге жуық адам көшсе, биыл мың адамнан сәл асады. Оның 420-ы өзге елге кетті. Ал ішкі көші-қон 1519 адам болып тұр.
Салалардың даму көрсеткіші
2024 жылдың қаңтар-қазан айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталған. Өңірдің экономикалық өсімі — 106,2% құрады.

— өнеркәсіп өнімінің көлемі — 2,2 трлн теңге (104,5%);
— инвестициялар — 674,4 млрд теңге;
— ауыл шаруашылығы — 311,1 млрд теңге (100,2%);
— құрылыс жұмыстары — 280,6 млрд теңге (117,4%);
— тұрғын үй іске қосу — 719,5 мың шаршы метр;
көлік және қоймалау — 394,4 млрд теңге (105,3%);
— сауда айналымы — 1,8 трлн. теңге (114,0%).
Ақтөбе өз шекаралық мүмкіндігін пайдаланып, инвестиция тарту үшін хаб құрылысын бастады. Бұл тауар құнын төмендетіп, жеткізу қызметін жеделдетуге мүмкіндік беретін жоба. Қазіргі кезде Ақтөбеде халықаралық әуежай аумағында арнайы экономикалық аймақ салына бастады. Ақтөбе облысының индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің айтуынша, бұл шекара аумағындағы сауда айналымын өсіруге және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жоба.
— Арнайы экономикалық аймақ құру жобасы облыстың көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған және Ақтөбе облысының транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Көлік-логистика саласында тоғыз негізгі саланы және өнеркәсіптегі 29 бағытты құру жоспарлан. Бұл өңірдің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді, — деді Досжан Әлібеков.
Ақтөбе экономикалық аймағының ауданы — 858 гектар. Түркияның S Sistem Lojistik компаниясы «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, әуежай аумағында логистикалық хабтың құрылысын бастап кетті. Бұл жоба 130 жаңа жұмыс орнын ашып, транзиттік тасымалдауды дамытудағы маңызды қадам болмақ.

Әуежай аумағында 10 га жер телімі анықталды. Логистикалық хаб қызметтерінің негізгі тұтынушылары Ақтөбе облысының сауда-өнеркәсіптік компаниялары, сондай-ақ жақын және алыс шет елдердің серіктестері болады.
Айта кетейік, қаңтар-қазан айлары аралығында көтерме сауда көлемі 1 211 422,4 млн теңге болды. Биыл 9 айда ЕАЭО елдерімен өзара сауда 1284,6 млн АҚШ долларын құрап, 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 21,7% артты. Оның ішінде экспорт — 472,6 млн АҚШ долларын, импорт — 812 млн АҚШ долларын құрады.
Ақтөбеде Жылқы шаруашылығы институты құрылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жылқы шаруашылығы институтын құру туралы тапсырма берді. Институт құру жұмыстарын бастау үшін өңірде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин келіп, атқарылатын жұмыс бағытын саралады. Бүгінде еліміздегі жылқының жалпы саны — 4,1 млн. Асыл тұқымды жылқы саны 46 мың бас немесе жалпы жалқы санының 1 пайыздан астамын ғана құрайды.
— Асылтұқымды жылқыларды іріктеу мен өсіруге баса назар аударып, сол арқылы асылтұқымды мал басының үлесін арттыру қажет. Жалпы, соңғы бес жылда саланы субсидиялауға 4,9 млрд теңге бөлінген. Биыл салт атты және шабандоз жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және көбейту туралы арнайы заң қабылданды. Үкімет заңды орындауға кірісіп те кетті. Қазіргі мемлекеттік қолдау ережелеріне Қостанай жылқы тұқымының популяциясын жаңғырту және қалпына келтірудің жаңа бағыттары енгізілді. Оларды жүзеге асыру бұл тұқымның санын 3-4 есеге арттыруға мүмкіндік береді, — деді Аманғали Бердалин.

2024-2026 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында Адай және Қостанай жылқыларын жақсарту, сондай-ақ, Жабы, Көшім және Мұғалжар жылқыларының санын көбейтуге бағытталған екі ғылыми-зерттеу бағдарламасы қолға алынды.
Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңадан құрылған жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндірісі институтының негізгі міндеті — жылқылардың асылтұқымдық қасиеттерін жақсарту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және отандық тұқымдарды халықаралық нарыққа белсенді түрде шығару.
Институт алдағы бес жылда асылтұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыруды міндет етіп отыр.
Айта кетейік, биыл өңірде егін бітік шықты. Облыста мал басының орташа өсімі 8 пайызға жетсе, диқандар гектарынан 14 центнерден өнім алды. Барлығы 600 мың тоннаға жуық астық жиналды.
Ақтөбе облысында айрықша маңызға ие 32 түрлі азық-түліктің 26-ы шығарылады. Олар: ұн, нан, макарон, сиыр еті, қой еті, жылқы еті, қияр, қызанақ, ашытылған сүт өнімдері, өсімдік майы және т. б.
Қалған 6 түрі, оның ішінде қарақұмық, күріш, қант, тұз, бұрыш, балық басқа аймақтардан жеткізіледі және ішінара импортталады. 10 айдағы дерекке сүйенсек, тұрақтандыру қорына 26 тонна қарақұмық жармасы, 594 тонна қант, 7 880 тонна бірінші сұрыпты ұн және 37 тонна күріш бар.

— Биылғы егіннен 61,8 мың тонна картоп, 43,4 мың тонна көкөніс, 40 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Бұдан басқа маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті тауар өндірушілер «Пригородный» ЖШС, «Болат ЛТД» ЖШС, «Арман» ШҚ-нан 4846 тонна картоп, 390 тонна сәбіз, 400 тонна пияз, 448 тонна қырыққабат жеткізуге келсімшарт жасалды, — деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.
Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ақтөбе облысында 2700-ден астам кәсіпкер қолдау тауып, өз кәсібін ашты. Екі жыл ішінде өңірге жалпы сомасы 15 млрд теңгеден аса үш транш бөлінсе, бүгінде барлық сома толығымен игерілді.
Баға мен табыс
Биыл III тоқсанда жұмыссыздар саны 22,7 мың адам болды. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне қарағанда 4,7% болып тұр. Ақтөбеліктердің орташа айлығы — 368 600 теңге.
Шағын жинақты ауыл мектебін жаңғырту: Ақтөбенің бастамасы республикаға үлгі
Ақтөбе облысында 434 мемлекеттік мектеп бар. Оның 280-і, яғни, 70% ауыл мектебі. Сол ауыл мектебінің 201-і — шағын жинақты білім ордасы.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, соңғы үш жылда 1030 орындық 8 ауылдық мектеп пайдалануға берілді. 10 ауылда 2350 орындық жаңа мектептер салынып жатыр. Олардың үшеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді.

— «Шағын қалалар мен ауылдардағы 1000 мектепті жаңғырту» тапсырмасына сәйкес өңірде 226 ауыл мектебі 8,2 млрд. теңгеге жаңғыртылды. Қалғаны 2025 жылдың соңына дейін толықтай қамтылады. 2023-2024 оқу жылында өңірде «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы іске асырылды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен пилоттық жобаға кірген шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бұған дейін интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндігі болмаған 46 мектеп Starlink жүйесіне қосылды. Жергілікті бюджеттен жобаға қатысқан 165 педагогтің қосалқы жұмысын ынталандыруға 54,4 млн теңге үстеме ақы төленді. 1068 мұғалім мен 204 мектеп директоры біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізілді, әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Нәтижесінде шағын жинақты мектептерде білім сапасы 4-11% артқан, — дейді Жайық Сұлтан.
Ал «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 21 медициналық нысан салынды. Келер жылы ауданаралық ауруханаларды заманауи үлгіде жабдықтау үшін 3 нысанда жөндеу жұмыстары қарастырылған.
2025 жылы Ырғыз, Қобда аудандарында фельдшерлік амбулатория, сонымен бірге 10 медициналық пунк салынады.