Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандағы энергетика нысандары қысқы маусымға дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы жылу электр орталықтарында қысқы маусымға дайындық аясында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылы ел бойынша 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Қазақстандағы энергетика нысандары қысқы маусымға дайын ба
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика нысандарындағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалып жатыр. Үкіметтің баспасөз қызметі кейбір ЖЭО-ларда жөндеу барысында бұрын анықталмаған жасырын ақаулар табылып, оларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта екі энергоблок толық дайын болса, тағы екі энергоблокта жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар 13 қазандыққа күрделі жөндеу аяқталған, 27 қазандық бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 8 турбина пайдалануға беріліп, 16 турбинада жөндеу кезеңінде.

— Бұдан бөлек, қосалқы жабдықтардың 500-ден астам бірлігін қамтитын жоспарлы жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада .

Электр желілері мен жылу магистральдарын жаңарту жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда шамамен 6,3 мың шақырым электр беру желісі, 135 қосалқы станса және 1 253 тарату пункті жөнделді.

Жыл соңына дейін 17 мың шақырымнан астам электр беру желісін және 3,4 мыңнан астам тарату пунктін жаңарту жоспарланып отыр.

— Жылу желілері бойынша республика көлемінде жоспарланған 377 шақырым құбырдың 65 шақырымы пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта тағы 278 шақырым жылу желісінде жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде орындалып жатыр, жоспардан кешігу жоқ, — деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Еске салайық, мұның алдында Қазақстандағы бес жылу нысаны ерекше бақылауға алынғанын хабарлағанбыз.