Қазақстандағы мұнай саласы қалай жаңарып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Шілде айында ел үкіметі Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025–2040 жылдарға арналған ұзақмерзімді тұжырымдамасын бекітті. Жаңа стратегия елдің экономикалық дамуына қалай әсер етеді –Kazinform аналитикалық шолушысының материалынан оқыңыз.

Как Казахстан обновляет нефтяную отрасль
Коллаж: Kazinform / Freepik

Қуаттылықты арттыру және жаңа нарықтар 

Құжат мұнай өңдеу және мұнай химиясы саласындағы негізгі бағдарларды айқындайды, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғыртуға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және орнықты технологияларды енгізуге ауқымды инвестициялар салуды көздейді. Бұл Қазақстанның Орталық және Оңтүстік Азия нарықтарындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Тұжырымдамаға сәйкес, Қазақстан өңдеу қуаттарын екі еседен астам арттыруды жоспарлап отыр - ағымдағы 18 млн тоннадан жылына 39 млн тоннаға дейін жетеді. ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бұл көрсеткіштерге қол жеткізу қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын (МӨЗ) жаңғырту, сондай-ақ жаңа мұнай-химия кешенін салу есебінен мүмкін болады.

Мұнай-газ сарапшысы, PACE Analytics директоры Асқар Исмаилов мұнайды қайта өңдеу бойынша негізгі мақсаттарға қол жеткізген кезде біздің еліміз ішкі нарықтың қажеттіліктерін жаба алады деп санайды.

л
Фото: Асқар Исмаиловтың жеке мұрататынан

- Қазақстан қазіргіден екі есеге жуық көбірек мұнай өңдеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, өңдеу тереңдігін әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 94%-ға дейін жақсарту ниеті бар. Бұл, біріншіден, ішкі қажеттілікті толық өтеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, экспортты дамытуға болады. Егер бәрі ойдағыдай іске асса, онда жаңа жұмыс орындары құрылады, - деп пікір білдірді сарапшы.

Қазақстандағы мұнайды қайта өңдеу тереңдігі бүгінде 85–89% деңгейінде.

Мұнай өңдеу стратегиясының негізгі басымдықтары:

• ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету, бұл жерде урбанизация мен өнеркәсіптің дамуы есебінен тұтыну көлемі жылына 1,5-2%-ға өседі деген болжамға сүйенеміз;

• 2040 жылға қарай экспорттың жалпы өндіріс көлеміндегі үлесін 30%-ға дейін арттыру мақсатында Қытай, Үндістан және Орталық Азия елдерінің нарықтарына бағытталған экспортты күшейту;

• $5 млрд-қа дейін инвестиция тарта отырып, полимерлер мен тыңайтқыштар өндірісін қоса алғанда, жаңа тізбектер құру арқылы мұнай-газ химиясын дамыту;

• қайта өңдеуді тереңдету және жаңа жұмыс орындарын құру есебінен ЖІӨ үлесін арттыру;

• зауыттарды жаңғырту және К6+ экологиялық стандартын енгізу;

• Технологиялармен алмасу үшін халықаралық компаниялармен серіктестікті қоса алғанда, реттеушілік базаны және кадрлық әлеуетті жетілдіру.

Қазақстандағы мұнай өңдеу саласының дамуы жаһандық сын-қатерлерге, соның ішінде Азиядағы мұнай өнімдеріне сұраныстың артуына бейімделу қажеттілігімен де байланысты. Мәселен, Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, мұнайға, демек, мұнай өнімдеріне деген сұраныс 2050 жылға дейін арта береді. Бұл бірінші кезекте дамушы Азия елдеріне қатысты, онда халық саны да, автомобильдер саны да артып келеді.

"Еуразиялық мониторинг" сараптамалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың пікірінше, мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы - жай ғана салалық құжат емес, Қазақстанның бүкіл өнеркәсіптік саясаты үшін стратегиялық бағдар. Қабылданған құжат инвесторлар үшін ұзақ мерзімді және болжамды ойын ережелерін белгілейді, өндіріс қуаттарын жаңғыртуға және қайта өңдеудің технологиялық деңгейін арттыруға кеңістік ашады.

Алибек Тажибаев
Фото: Kazinform

- Өңдеу қуаттарын нығайту шикізатты тереңірек өңдеуге, мұнай өнімдерінің импортына тәуелділікті азайтуға, демек, ішкі экономикалық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл үдеріс машина жасаудан логистикаға дейінгі аралықтағы іргелес салалардың дамуына серпін беріп, "тізбекті өсім" әсерін тудырары сөзсіз. Ұзақ мерзімді және нақты белгіленген бағыт Қазақстанның еуразиялық және азиялық нарықтардағы, әсіресе жеткізілімдердің тұрақтылығы мен өнімнің жоғары сапасы бағаланатын көпжақты экономикалық бастамалар аясындағы ұстанымын нығайтады. Мұндай жағдайда мұнай өңдеу жай ғана сала емес, елдің экономикалық әлеуетін еселеп арттыруға қабілетті өнеркәсіптік өсім нүктесіне айналуда, - деді саясаттанушы.

Экспортты 30% дейін арттыру

Тұжырымдамадағы басым міндеттер қатарында 2040 жылға қарай жалпы өндіріс көлеміндегі экспорт үлесін 30%-ға дейін арттыру көрсетілген. Сарапшылардың пікірінше, мақсат өршіл, бірақ оған жетуге болады. Бұл үшін Қазақстанда бірнеше фактор бірегей үйлесім тапқан: Еуразияның ірі нарықтары арасындағы қолайлы географиялық орналасуы, бай ресурстық базасы және ЕАЭО, Қытай мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын көлік-логистикалық бағыттарға қолжетімділігі.

- Мақсатқа жету үшін мұнай өңдеу зауыттарын өңдеу тереңдігіне және заманауи экологиялық стандарттарды сақтауға баса назар аудара отырып, дәйекті жаңғырту қажетболады. Бұл өнімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады, - деп атап өтті А.Тәжібаев.

Осы ретте экспорттық инфрақұрылымды кеңейту, оның ішінде Каспийдегі порттар мен шығыс және батыс бағыттағы теміржол магистральдарын дамыту да маңызды болмақ.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов еліміздің энергетика секторындағы ішкі қажеттіліктер мен нарықтың сыртқы мүмкіндіктері арасындағы тепе-теңдікті өзгерте алатын болжамды қадамдарды атап өтті.

- Тұжырымдама жұмыс істеп тұрған МӨЗ-ді кеңейту және жаңаларын іске қосу есебінен ішкі қажеттіліктерді жабуды көздейді. Осыдан кейін жалпы өндіріс көлемінің шамамен 30%-ын Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Пәкістан секілді жылдам өсіп келе жатқан нарықтарға экспортқа бағыттауға болады, - деді А. Исмаилов.

Бұл мәселеде Қазақстанның қазірдің өзінде бензин мен дизельді экспорттау тәжірибесі бар екені және мемлекеттің тиісті қолдауымен экспорттық бағыт тұрақты табыс көзіне айналуы мүмкін екені маңызды.

Инвестиция тарту

Құжатта Қазақстанның 30 миллиард баррель мұнай қоры бар екенін ескере отырып, серіктестерден шетелдік инвестиция тарту перспективасы көрсетілген.

- «Жасыл» энергияға жаһандық бетбұрыс жағдайында бұл елді шикізат экспортынан жоғары технологиялық өңдеуге көшуде өңірлік көшбасшы ретінде көрсетеді. Аталған шара экономиканың мұнай бағасының ауытқуына тәуелділігін азайтуы мүмкін, - деп мәлімдеді Энергетика министрлігі.

Шикізат державасына айналамыз ба?

Қабылданған Шикізат базасы жөніндегі тұжырымдама ірі кен орындарына бағдарланған. Асқар Исмаиловтың түсіндіруінше, бұл кен орындары өнімді бөлу туралы келісімдермен реттеледі, ал бүгінде МӨЗ-ді мұнаймен толық жүктеуді қамтамасыз ететін жетілген кен орындары басымдыққа ие бола алмай отыр. Мұндай келісімдер мемлекет пен инвестор арасындағы кен орнын игеру туралы шартты білдіреді. Онда инвестор қаражат салады (тәуекелдер соның ішіне кіреді), ал оның орнына өндірілген өнімнің бір бөлігін және жер қойнауын игеру құқығын алады.

нефть
Фото: afk.kz

- Теңіз кен орны бойынша 2033 жылы тағы қандай келісімдерге келетіні белгісіз, ал Қашаған жобасының 2041 жылға дейінгі ӨБК (өнімді бөлу туралы келісім – ред.) мерзімі бар. Естеріңізге сала кетейін, ӨБК бойынша бұл кен орнының барлық мұнайы экспортқа жіберіледі. Менің ойымша, Энергетика министрлігі бұл бөлімді пысықтауы керек. Әйтпесе, мұнай өңдеу көлемін ұлғайту бойынша барлық жұмыс тиімсіз болып, елдегі отын-энергетика саласы тұралап қалады, - деді А.Исмаилов.

Экономикалық әсер

Сарапшылардың пікірінше, тұжырымдама міндеттері орындалса, оның экономикалық әсері айқын. Бұл - ішкі жалпы өнімнің өсуі, инвестиция тарту, жаңа салаларды дамыту, ішкі нарықта неғұрлым сапалы және экологиялық таза мұнай өнімдері. Жалпы, бұл Қазақстанның индустриялануы мен технологиялық дербестігін арттыруға жасалған қадам болмақ.

Тұжырымдаманы іске асыру кезінде халықаралық келісімдер шеңберінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау қосымша әсер береді, бұл Қазақстанның әлемдік нарықтың негізгі сегменттеріндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, болашақта бұл экспорттың өсуін ғана емес, сонымен қатар халықаралық экономикадағы беделі тұрақтылыққа, болжамдылыққа және өндірістің жоғары стандарттарына негізделетін сенімді және технологиялық әріптес ретіндегі елдің бейнесін қалыптастыруды білдіреді.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, қабылданған стратегияны іске асыру биыл мұнай өңдеу зауыттарын цифрландыру бойынша пилоттық жобалардан басталады.

Бұған дейін біз мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанға қалай әсер ететіні туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар