Қазақстандағы бүкіл қорғаныс өнеркәсіп ұйымдары стратегиялық нысан саналады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан қорғаныс өнеркәсібі ұйымдарын стратегиялық нысандарға жатқызу тетіктерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы бүкіл қорғаныс өнеркәсіп ұйымдары стратегиялық нысан саналады
Видеодан алынған кадр

Бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ҚР арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымға шығарылды.

Ол арқылы 2 кодекске және 11 заңға түзету енгізу көзделген.

«Бұған дейін қорғаныс өнеркәсібі ұйымдары стратегиялық нысан болып саналмады, тек жекелегені ғана сол категорияға жатты. Енді барлық қорғаныс өнеркәсіп ұйымдары стратегиялық нысанға жатады. Мұның басты тиімділігі – ұйымдар 100 пайыз жекеленсе де, мемлекет бақылауында қала береді. Бақылау біріншіден алтын-акция тетігі (акционерлік қоғамның бағалы қағазы) арқылы жүргізіледі. Ол акционерлік қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе дивиденттер алуға құқық бермейді, бірақ ол компанияда қабылданатын барлық шешімдерге вето қоюға құқық береді. Бұл әсіресе теріс салдарға әкеп соғатын шешімдерге қарсы өте тиімді тетік болады», - деді депутат Jibek Joly арнасының «Мәжіліс Live» бағдарламасында.

Заң жобасында көрсетілген екінші тетік – ЖШС жекешелендірілгенде оның 25 пайыз үлесі мемлекетте қалады.

Осы екі тетік арқылы мемлекет жекешеленген ұйымдарды, стратегиялық нысандарды бақылайтын болады.

«Бүгін заңды бірінші оқылымда қарадық. Бұдан кейін біздің топ әрі қарай жұмысын жалғастырады, техникалық мәселерді тағы талқылаймыз. Дегенмен, ең басты қағидат – стратегиялық нысандарды жүйелі түрде бақылауға алу. Ол үшін арнайы комиссия құрылады. Ұйымды жекешелендіретін кезде барлығы конкурстық негізде ашық жасалуы керек, аудио-видео фиксация міндеттеледі, конверттерді ашқанда қорғаныс өнеркәсіптік ұйымдардың өкілдері қатысуы керек. Осындай нақты тетіктер көзделген», - деп түсіндірді Айгүл Құспан.