Қазақстандағы екі жаңа жоба Дубай халықаралық қаржы орталығының моделі негізіне сүйенеді - К.Мәсімов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жүзеге асыруға кіріскен екі жоба Дубай халықаралық қаржы орталығының моделі тәжірибесіне сүйенеді. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Біз экономикалық тұрақсыздық кезеңін еліміздің құрылымдық, институционалдық реформаларын жалғастыруға пайдаланудамыз. Бұл тұрғыда жалғасып келе жатқан реттегіш реформа, сондай-ақ инвестициялық климатты жақсарту, заң үстемдігін күшейту, сыбайлас жемқорлықпен күрес біздің негізгі басымдықтар ретінде қалып отыр. Алайда, сонымен қатар қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін дамыту бойынша күш-жігерімізді жылдамдатып жатырмыз», - деді К. Мәсімов.
Осы орайда Қазақстан екі жаңа жобаны іске асыруды бастағанына тоқталған Үкімет басшысы: «Бұл Астана - халықарылық қаржы орталығы және Артықшылық орталығы. Ол Дубай халықаралық қаржы орталығының моделі негізінде құрылатын болады», - деді.
К. Мәсімов Қазақстан бұл тұрғыда инвесторлар үшін инвестициялық басымдыққа айналатындығын атап өтті.