Қазақстандағы ЕО өкілдігінің жаңа басшысы Аурелия Буше келесі аптада қызметіне кіріседі

Бұл туралы бүгін аталған өкілдіктің басшысы Норбер Жустен дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың қабылдауында болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне мәлім етті.
«Мен Қазақстанда жұмыс істегеніме қуаныштымын. Жұбайымыз екеуіміз елорданың қалай қарқынды салынуына, сонымен қатар Қазақстан экономикасының өте жылдам дамуына куә болдық», - деді ол.
Сондай-ақ ол бүгінгі кездесу барысында ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың қазақстандық-еуропалық ынтымақтастықтың дамуына қосқан зор үлесі үшін алғысын білдіргенін жеткізді.
«Бір аптадан кейін бұл жерде ЕО-ның жаңа елшісі болады. Мені Аурелия Буше ханым алмастырады. Ол ұзақ уақыт бойы Франция сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді. Ал соңғы уақытта ол Еуропалық Одақтың сыртқы саясат қызметіне таңдап алынған болатын. Енді міне ол ЕО-ның елшісі ретінде Қазақстанда жұмыс істейтін болады», - деді Н.Жустен.
Естеріңізге сала кетейік, Еуропалық одақтың шетелдік істер мен қауіпсіздік саясаты жөніндегі бас өкілі Кэтрин Эштон 3 тамыз күні Еуроодақтың 25 жаңа делегация басшысын тағайындады, оның ішінде Қазақстандағы Еуроодақ делегациясының жаңа басшысы болып тағайындалған француздық дипломат Аурелия Буше (Aurelia Bouchez) де бар.