Қазақстандағы институционалды жобалардың жалпы портфелі 11 млрд. АҚШ долларын құрайды - Е.Досаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы институционалды жобалардың жалпы портфелі 11 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форумында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
«Қазіргі уақытта институционалды жобалардың жалпы портфелі 11 млрд. долларға жуықтайды. Ондағы халықаралық банктердің үлесі 8 млрд. долларды құрайды. Бұл бізге белсенді экономикалық дамуға қол жеткізуге және индустрияландырудың екінші кезеңін сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өткен тәжірибелерді пайдалана отырып, Қазақстан бұрын-соңды болмаған өндірістерді ашатын болады», - деді ол «Жаһандық экономикадағы экономикалық қаржылық және монетарлық өзгерістер» атты жоғары конференциясында.
Е.Досаевтың хабарлауынша, бағдарламаның негізгі басым бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады.
«Ауыл шаруашылығы саласы да экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға, сонымен қатар қосымша инвестицияларды тартуға өз септігін тигізе алады. Бұл сала даму бағдарламасының маңызды бөлігі», - деп атап өтті министр.