Қазақстандағы ірі елді мекендердің инфрақұрылымдарын цифрландыру 2024 жылы аяқталады
Бұл іс-шара «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индусрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, 2024 жылға дейін еліміздегі ірі елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын толыққанды цифрландыру жоспарланып отыр. Биыл Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Лисаков (Қостанай облысы) және Арыс (Түркістан облысы) қалаларындағы құрылыс жүргізілген 9,3 мың га аумаққа инженерлік нысандарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша аталған өңірлердегі 3,8 мың га аумақтағы инженерлік коммуникациялар түгенделген.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен елді мекендердің 10,7 мың га аумағында жерасты және жерүсті коммуникацияларын түгендеу жүргізілуде.
Инженерлік коммуникациялардың цифрлық деректері қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Бұл республиканың бүкіл аумағында қажетті ақпаратты жинауды, өңдеуді, сақтауды және ұсынуды бірыңғай есепке алуды қамтамасыз етеді.
Бүгінде қала құрылысы кадастрының деректер қоры инженерлік коммуникациялар деректерінің 63,7 пайызын (328 мың га) қамтиды. Инфрақұрылымдық деректермен жұмыс істеу үшін жергілікті атқарушы органдар мен табиғи монополиялар субъектілері үшін Бірыңғай инфрақұрылымдық деректер геопорталы ашық болады.