Қазақстанды мекендейтін дала аңдары туралы жаңа кітап шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы құрастырған «Қазақстандағы дала аңдары» кітабының ресми таныстырылымы өтті. Кітапта дала экожүйесінде мекендейтін сүтқоректілер туралы баяндалады.

кітап
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қауымдастық мәліметінше, Қазақстан аумағының үштен бірін алып жатқан далалы өңірлер биологиялық тұрғыдан бай экожүйелер қатарына жатады. Басылым оқырманды осы өңірлерде мекендейтін аңдардың түрлік құрамы, тіршілік ету ортасына бейімделуі мен табиғи тепе-теңдіктегі рөлімен таныстырады. Бұл - кітаптың екінші, толықтырылған және орыс тіліндегі нұсқасы. Бұған дейін, 2023 жылы қазақ тілінде шыққан. Авторлары – зоолог-ғалымдар Алёна Кошкина, Сергей Скляренко және Илья Смелянский.

Алена Кошкина
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Далалы жерлер – Қазақстанның жан жүрегі. Біздің міндетіміз - ондағы биоалуантүрлілікті сақтау. Бұл құрал бірегей әлемді жете тануға және оны қорғауға талпынатын әр адам іздеп оқитын кітапқа айналады деп үміттенеміз, - дейді Алёна Кошкина.

керқұлан
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
дала аңдары
Фото: Бірғаным Әлиқызы

Жаңа басылымның ерекшелігі – жануарлар туралы ғылыми деректермен қатар, Дарья Скляренконың қолынан шыққан көркем иллюстрациялармен безендірілген.

- Әрине, көрнекі шешімнің маңызы зор. Кітаптың басым бөлігі суреттерден тұрады. Суретші ретінде маған түс пен композицияның үйлесімін табу, дала жануарлары мен ландшафтарының табиғи түсін дәл беру маңызды болды. Сондықтан фото және видео материалдарға сүйендім, сарапшылармен үнемі байланыста болдым, - дейді иллюстратор.

Басылым мектеп оқушылары, мұғалімдер, студенттер мен табиғат жанашырларына арналған. Қазақ тіліндегі алғашқы нұсқасы ауыл мектептері мен өңірлік кітапханаларда кеңінен қолданылып, оң бағасын алыпты.

Эльмира Мустафина
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Шығарушы редактор Эльмира Мустафинаның айтуынша, болашақта кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы әзірленбек. Сондай-ақ қазақ тіліндегі алғашқы басылымға мазмұндық және көркемдік өзгерістер енгізу жоспарланған.

степные звери
Фото: Бірғаным Әлиқызы

Кітаптың негізгі бөлігі білім беру ұйымдары мен кітапханаларға тегін таратылады. Басылымды мына электрондық поштасына хат жолдау арқылы алуға болады.

Айта кетсек, Көлсай көлдері ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген ілбіс фототұзаққа түсіп қалды.

Бірғаным Әлиқызы 

Соңғы жаңалықтар