Қазақстандық әйел ғалымдар жасанды интеллектіні қалай бағындырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы ғылыми қызметкерлердің 51,2 пайызы әйелдер болғанымен, PhD деңгейіне дейін жетіп, ірі жобаларды басқаратындардың үлесі әлі де аз. 

жасанды интеллект
Фото: naryk.kz

Осындай аз топтың ішінде жасанды интеллект саласында бірегей жобаларды жүзеге асырып жүрген ғалым Нұрзада Амангелдінің орны ерекше. Бұл зерттеудің маңызы мен ғылымдағы әйелдердің орны жайлы «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтылды.

Нұрзада Амангелді — Цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект институтының зерттеушісі.

Оның Saimbridge стартап жобасы есту қабілеті бұзылған жандарға арналған сурдоаударманы автоматтандыруға көмектеседі. Оның командасы 2019 жылдан бері қазақша ымдау тілін танитын ЖИ жүйесін жетілдіріп келеді.

Нұрзада Амангелді
Фото: видеодан алынған скрин

 

— Бұл жобамен айналысып жатқаныма 7 жыл болды. Қазір біздің ЖИ негізіндегі өніміміз қолданысқа еніп отыр. Сурдоаударма жүйесін толықтай қазақшаға бейімдедік. Қазіргі таңда ымдау тілін шынайы әрі кең ауқымды аудиторияға түсінікті етіп аудара алатын аватар-кейіпкерлерді жетілдірумен айналысып жатырмыз, — дейді ғалым Нұрзада Амангелді.

Ғалымның негізгі мамандандырылған саласы — компьютерлік көру (computer vision). Ол тек ымдау тілімен шектелмей, қашықтықтан ғарыштық суреттерді өңдеу және адам миы мен компьютердің өзара әрекеттесуі (Brain-computer interaction) сияқты күрделі бағыттарды да игеріп жүр.

Оның айтуынша, ғылымда нәтижеге жету үшін жыныстық ерекшелікке сүйенуге болмайды.

— Ғылымға келдің бе — әйел екеніңді ұмыт. Өйткені мұнда ер немесе әйел деп бөлінбейді, тек нәтиже маңызды. Әйел адам әлеуметтік маңызы бар жоба жасап жатқаны үшін ешкім алдына қызыл кілем төсеп бермейді. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің жартысынан астамы әйелдер болғанымен, PhD деңгейіндегі үлес өте төмен. Бір докторант қорғаса, «сен сол 0,1 пайыздың ішіне кірдің» деп қуанамыз. Ғылымнан бас тартатын болсам, мен өзімді жоғалтамын. Оны өмірімнен бөліп қарау мүмкін емес, — деп түйендеді ол.

Еске сала кетейік, ым тілін қазақша ғылыми тұрғыда зерттеп, алғашқы цифрлық сурдоаударма жүйесін жасаған стартап Tatler Impact Awards сыйлығы «Инновация» аталымының үздігі атанған.

Сонымен қатар, бұл жобаны қолға алған ғалым Нұрзада Амангелді жайлы толығырақ жазған едік.