Қазақстан әйелдері ғарышқа қашан ұшады – Айдын Айымбетов
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстандық ғарышкер, «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының басқарма төрағасы Айдын Айымбетов қазақстандық әйелдердің ғарыштық миссияларға қатысу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстаннан әйел ғарышкерді ұшуға дайындауға арналған жеке бағдарлама жоқ.
– Қазақстанда адам қатысатын ғарыш бағдарламасы да қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардың ғалымдары ғарышқа ұшу миссиясына арналған ғылыми бағдарлама әзірлеп жатыр. Алайда ғарышқа дәл әйелдер экипажын немесе нақты әйел ғарышкерді жіберу туралы айтуға әлі ерте. Мен көптеген сұхбаттарымда біздің қыздарымыз жігіттерімізден оза алатынын айтқанмын. Өйткені қазіргі білім деңгейі көп нәрсені көрсетеді, - деді ұшқыш-ғарышкер.
Сонымен қатар отандық ғалымдар ұзақ уақытқа созылатын ғарыш сапары жағдайларының әйел ағзасына әсерін зерттеуді жалғастыруды жоспарлап отыр.
- Болашақта бұл эксперимент, ең алдымен, жерде қайталануы мүмкін. Арнайы жабық нысанда ұзақ уақытқа созылатын ғарыш сапарының жағдайлары модельденіп, мидың когнитивтік функциялары зерттеледі, психомедициналық тәжірибелер жүргізіледі. Қазір осы жұмыстарға дайындық жүріп жатыр, – деді Айдын Айымбетов.
Айта кетейік, жақын арада ғарышқа қазақстандық ұшуы мүмкін екенін жазғанбыз.