Қазақстандық бизнеске АҚШ нарығына жол ашатын меморандумға қол қойылды
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өткен «Қазақстан Республикасы – Америка Құрама Штаттары» бизнес-дөңгелек үстелі аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен АҚШ Сауда палатасының Америкалық – Қазақстандық іскерлік кеңесі арасында стратегиялық әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Құжат екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей байланысты дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және институционалдық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Жиынға Қазақстан мен АҚШ-тың мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, халықаралық корпорациялар, қаржы институттары мен сарапшылар қатысты. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.
Іс-шарада «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы әріптестік енді тек саудамен шектелмей, бірлескен өндіріс, технология алмасу және жаңа инвестициялық жобаларға ойысып жатқанын айтты.
– Біз капитал тартумен ғана шектелмей, заманауи өндірістер құруға, технологиялар трансферіне, инновацияларды дамытуға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыруға мүдделіміз. Қазақстан екі ел үшін де ұзақ мерзімді экономикалық құндылық қалыптастыратын әріптестікті дамытуға ұмтылады, - деді Қанат Шарлапаев.
Кездесуде критикалық материалдар мен сирек жер металдарын игеру, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, цифрлық экономика, жасанды интеллект, финтех және агроөнеркәсіп саласындағы бірлескен жобалар талқыланды.
Дөңгелек үстелге Shell, Wabtec, Mastercard, Chevron, Apple, Honeywell, Citi, ExxonMobil, Baker Hughes, Viasat және басқа да халықаралық компаниялардың өкілдері қатысты.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ Қазақстан бизнесін қолдауға дайын екені жөнінде материал жазғанбыз.