АҚШ Қазақстан бизнесін қолдауға дайын — Дебора Робинсон

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан мен АҚШ бизнесі жаңа бірлескен жобаларды талқылап жатыр. АҚШ тарапы америкалық нарыққа шығуды көздеген қазақстандық компанияларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Дебора Робинсон
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Астанада өтіп жатқан «Қазақстан–Америка» іскерлік дөңгелек үстелінде Дебора Робинсон бұған дейінгі бизнес-миссияларда жасалған келісімдер енді нақты жобаларға ұласып жатқанын айтты.

— Бұған дейінгі бизнес-миссияларда қол жеткізілген келісімдер бүгінде нақты жобаларға және компаниялар арасындағы жаңа серіктестікке айналып жатыр. Бұл біздің экономикалық байланыстарымыздың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді, — деді Дебора Робинсон.

Оның мәліметінше, өткен жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы рекордтық 5 млрд долларға жеткен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 3,5 млрд долларға көп.

а
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бұл сандардың мәні зор. Олар жаңа жұмыс орындарының ашылуына, технологиялардың дамуына және екі ел арасындағы сенімнің нығаюына ықпал етеді. Қазақстандық компаниялар АҚШ нарығына көбірек қызығушылық танытып отыр. Біз сол нарыққа шығуды жоспарлаған немесе ондағы жұмысын кеңейткісі келетін бизнеске қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді ол.

Дебора Робинсонның сөзінше, екі ел алдағы уақытта энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект, көлік-логистика және стратегиялық жеткізу тізбектерін дамыту бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастырады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен АҚШ бизнесі жаңа серіктестікке қадам басып жатқанын жаздық.