Қазақстандық бітімгерлер Сирияда қандай міндетті орындап келді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сирияда бір жыл бойы бітімгер міндетін атқарған бір топ әскери қызметкер елге оралды. 

Қазақстандық бітімгерлер Сирияда қандай міндетті орындап келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— БҰҰ миссиясының мақсаты — қақтығысушы тараптар арасындағы атысты тоқтату және бейбітшілікті орнату. Біздің міндет — БҰҰ Жарғысының 6-параграфына сәйкес, Голан жоталарына Сирия Араб Республикасы мен Израиль арасындағы бейбітшілікті сақтау. Қазақстан тарапынан 139 адам жіберілді. Бүгін елге 99 әскери қызметшілер оралды, қалған құрам бір аптаға қалып, міндетті қабылдап-тапсыру шараларынан кейін келеді, - деді бірінші ұлттық контингенттің командирі — подполковник Жігер Айыпов БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Қазақстандық бітімгерлер Сирияда қандай міндетті орындап келді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның айтуынша, қазақстандық бітімгерлердің негізгі міндеті — бітім туралы келісімнің орындалуын бақылау. 

— Біздің контингент миссия командирінің резерві ретінде әрекет етті. Басты міндет — жедел әрекет ететін топ ретінде кез келген тапсырманы тәулік бойы (24/7) орындауға дайын болу. Қызметті негізінен екі топ атқарды, ал жеке құрам тұрақты жауынгерлік дайындықта болды. Сонымен қатар бізге қосымша міндеттер жүктелді, яғни жауапкершілік аймағында патруль жүргізу, гуманитарлық жүктер мен БҰҰ өкілдерін аймақ ішінде және сыртында алып жүру, оқ-дәрілерді іздеу және жою секілді, - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай бүгін қазақстандық бітімгерлер Сириядан елге оралды.

2024 жылы наурызда Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті (139 әскери қызметкер) БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілген еді.

Соңғы жаңалықтар