Қазақстандық квартет әлем сахналарында: шетелдіктер қазақ музыкасына тәнті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ композиторларының шығармаларын шетелдік тыңдармандар тамсанып тыңдайды. Бұл туралы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармонияның ішекті аспаптар квартетінің мүшелері мәлімдеді.

Қазақстандық квартет әлем сахналарында: шетелдіктер қазақ музыкасына тәнті
Фото: Видеодан алынған скрин

— Біз 30 жылдан бері әлемді аралап жүрміз. Ал биыл ерекше концерттік турымыз болды. Әлемдік деңгейдегі екінің бірі шыға бермейтін сахналарда өнер көрсеттік. Бұл концерттік турға 1 жылдан астам уақыт бойы ерекше дайындалдық. Жоспарлаған іс жүзеге асып жатқан кезде көңіл-күй орнына түседі, бірақ одан кейін де басқа белестер шыға береді, — дейді Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаев.

Жақында ғана әлемдік турдан оралған өнерпаздар студия төрінде әсерлерін ортаға салды.

— Бұл атмосферасы бөлек, ерекше сахналар. Ең әуелі Францияның Париж қаласынан бастадық. Әлемнің ең үздік музыканттарымен бірге бір сахнада өнер көрсеттік. Еліміздің абыройын үстемдеттік деп айтуға болады. Басында қобалжу болады. Бірақ сахнаға шыққаннан кейін рахатқа беріліп, тыңдарманның көңіліне әуеннің бәрін жеткізгіміз келеді, — дейді Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің мүшесі Бекзат Сайлаубайұлы.

Студия қонақтары шетелдік тыңдармандардың қазақ шығармаларына деген ерекше ықыласына тоқталды.

— Біздің квартетіміздің мақсаты — қазақтың әуенін, қазақтың музыкасын әлемге тарату, таныту. Сол мақсатымызды орындап жүрміз. Қазақ композиторларының күйлерін, жас таланттардың шығармаларын орындағанда тыңдармандар ерекше әсер алып, рахаттанып тыңдап, концерттен кейін келіп, қазақтың шығармаларын мақтап айтады, — дейді олар.

Айта кетейік, биыл қазақ музыка өнеріндегі ерекше ұжым — Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармонияның ішекті аспаптар квартетінің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына 30 жыл толып отыр.

— Концерттік турымыздан келе салып, еліміздегі түрлі шараларға қатысып жатырмыз. 21 желтоқсанда өзіміздің тағы бір концертіміз болады. Астанадағы мемлекеттік филармонияда өз кешіміз өтеді. Онда ерекше бағдарламалар болады. Жаңа жыл қарсаңындағы атмосфера. Бізде әдетте батыстық композиторлардың шығармалары қойылады. Бұл кештің ерекшелігі — қазақ композиторларының шығармаларын, күйлерін орындаймыз. Сол кешке астаналықтар мен қала қонақтарын шақырамыз. Жақсы кештің куәсі болсын, — дейді Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің көркемдік жетекшісі.

Еске салайық, бірер күн бұрын Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясына академиялық атағы берілді.

Соңғы жаңалықтар