Қазақстандық оқушылар Еуропалық физика олимпиадасында 4 медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM - Швеция Корольдігінің Гётеборг қаласында 10-шы Еуропалық физика олимпиадасы (European Physics Olympiad, EuPhO 2026) өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық оқушылар Еуропалық физика олимпиадасында 4 медаль жеңіп алды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Беделді халықаралық білім додасына әлемнің 41 елінен 200-ден астам оқушы қатысты.

Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 3 күміс және 1 қола медаль иеленді.

Күміс медаль иегерлері:

• Сейтқамит Арғын – Астана қаласы Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағыттағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
• Әбдіқадыр Таир – Қостанай облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
• Сабыров Мерген – Астана қаласындағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы.

Қола медаль иегері:

• Жоламан Абылайхан – Алматы қаласындағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құраманың халықаралық олимпиадаға қатысуын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Бекмырза Бейсенов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Темірлан Исмағұлов үйлестірді.

-Еуропалық физика олимпиадасы – физика пәні бойынша дарынды оқушылардың теориялық білімі мен эксперименттік дағдыларын бағалайтын беделді халықаралық жарыстардың бірі. Қазақстандық оқушылардың кезекті жетістігі еліміздің халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттырып, жас физиктердің жоғары дайындық деңгейін көрсетті,-делінген хабарламада.

Осыған дейін қазақстандық оқушылардың Еуропалық физика олимпиадасында ел намысын қорғайтыны туралы жазған едік.