Қазақстандық отбасылар қандай мемлекеттік қолдауды көбірек қажет етеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың 60,9%-ы отбасыларды қолдауда тұрғын үй алуға көмектесуді ең маңызды бағыттардың бірі деп санайды, деп хабарлайды Қазақстандық қоғамдық даму институты.
ҚҚДИ жүргізген әлеуметтанулық зерттеуге 3 мың респондент қатысқан. Сауалнама барысында азаматтар отбасылар үшін мемлекеттік қолдаудың қандай бағыттары аса маңызды екенін және қолданыстағы қолдау шаралары туралы қаншалықты хабардар екенін айтқан.
Зерттеу нәтижесінде тұрғын үй алуға көмек көрсетуге сұраныс ең жоғары екені анықталды. Бұл бағытты респонденттердің 60,9%-ы таңдаған.
Екінші орында жұмысқа орналасуға жәрдемдесу тұр. Мұндай қолдауды сауалнамаға қатысқандардың 52,8%-ы маңызды деп есептейді.
Сапалы медициналық қызметтердің қолжетімді болуын респонденттердің 29,8%-ы, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етуді 28,4%-ы атаған.
Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша көмек көрсетуді сауалнамаға қатысушылардың 17,9%-ы маңызды деп көрсеткен.
– Отбасының әл-ауқаты мен тұрақтылығы – қоғамның әлеуметтік дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Осыған байланысты отбасылардың қандай қолдау шараларын аса қажет деп санайтынын және мемлекеттік қолдау тетіктері туралы қаншалықты хабардар екенін білу маңызды, – делінген ҚҚДИ ақпаратында.
Зерттеуде қазақстандықтардың отбасын қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар туралы хабардарлығы да қарастырылған. Азаматтар бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы, жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлем, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлем, көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы туралы жеткілікті деңгейде хабардар.
Сондай-ақ респонденттер жүктілік пен босануға байланысты демалыс және бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс туралы да білетінін көрсеткен.
Сауалнамада респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдай алғандықтан, жауаптардың жалпы жиынтығы 100%-ға тең емес.
7-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда Отбасы апталығы өтіп жатыр. Ол Отбасы күніне орайластырылып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, жауапты ата-ана болуды насихаттауға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және отбасылық әл-ауқатты арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, Отбасы банк 3000-нан астам жетім балаға баспана бөлді.