Қазақстандық саперлер Голан жотасында 1200-ден аса жарылғыш затты жойды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық контингенттің инженерлік-саперлік тобы БҰҰ мандатына сәйкес Голан жотасында жүктелген міндеттерді сәтті орындап келеді, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандық саперлер Голан жотасында 1200-ден аса жарылғыш затты жойды
Фото: Қорғаныс министрлігі

2025 жылғы 11 сәуірден бастап әскери қызметшілер 44 операция жүргізіп, 1200-ден астам жарылғыш зат пен 43 қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойды. Сонымен қатар, қазақстандық саперлер жергілікті аумақта, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерінде бес іздестіру іс-шарасын өткізіп, миналы алқаптарға үш барлау шығуын жүзеге асырды.

Қазақстандық саперлер Голан жотасында 1200-ден аса жарылғыш затты жойды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сондай-ақ, анықталған оқ-дәрілерге 11 мәрте алдын ала зерделеу жұмысы жасалды. Жауапкершілік аймағында инженерлік-саперлік топ әскери персоналдың, БҰҰ нысандарының және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.

— Біз миналы алқаптарға барлау жүргіземіз, БҰҰ базалары мен бақылау бекеттерін тексереміз, жарылғыш заттар мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жоямыз. Табылған барлық оқ-дәрі — Сирия аумағындағы қарулы қақтығыстардың қауіпті мұрасы, — деді Бітімгерлік операциялары орталығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының офицері майор Ернар Амантайұлы.

Голан жоталарына жіберілер алдында әскери қызметшілер Алматы гарнизонындағы Бітімгерлік операциялары орталығында және Қонаев гарнизонының минасыздандыру орталығында кешенді арнайы дайындықтан өтті. Онда олар гуманитарлық минасыздандырудың үш деңгейлі курсын меңгерді.

Голан биіктіктеріндегі миссия: қазақстандық саперлар 1200-ден астам жарылғыш затты жойды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Осылайша, Қазақстанның инженерлік әскерлерінің әскери қызметшілері ел ішінде әскер мен азаматтық халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, БҰҰ миссиялары аясында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға да елеулі үлес қосып келеді.

Айта кетейік, 21 қаңтарда Қазақстанда ең жауапты әрі қауіпті әскери мамандықтардың бірінің кәсіби мерекесі — Инженерлік әскерлердің күні атап өтіледі. Олардың қатарында саперлер, инженер-барлаушылар, механик-жүргізушілер, понтоншылар, кинологтер және басқа да мамандар бар.

Соңғы жаңалықтар