Қазақстандық студенттер автокөлік бояуындағы ақауды анықтайтын ЖИ-жүйе жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық студенттер жасанды интеллектіні өндірісте қолдана бастады. Соның бірі — Қостанай өңірлік университетінің студенттері Allur компаниясымен бірлесіп, автокөліктің лак-бояу қабатындағы ақауларды автоматты түрде анықтайтын ЖИ-жүйе әзірледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді.
Министрдің айтуынша, елімізде цифрлық құзыреті жоғары инженерлерді даярлау екі негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Біріншісі — студенттердің әлемдік білім беру бағдарламаларына қолжетімділігін кеңейту. Осы мақсатта Coursera платформасы арқылы болашақ инженерлер заманауи технологиялар бойынша халықаралық сертификат алып келеді.
— Соңғы үш жылда студенттер автомобиль өнеркәсібіне қатысты 80-нен астам курс бойынша 3 мыңнан астам сертификат алды, — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Екінші бағыт — жасанды интеллектіні жоғары білім беру жүйесіне енгізу. Мұнда AI-Sana бағдарламасы арқылы студенттердің басым бөлігі ЖИ негіздерін меңгерді, ал 60 мыңнан астам студент кәсіпкерлік қызметте жасанды интеллектті пайдалану курстарынан өтті.
— Студенттер оқу барысында нақты өндірістік міндеттерді шешуге қатысады. Соның бір мысалы — Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттерінің Allur компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан NOVA–Allur жобасы. Жоба аясында автомобильдердің лак-бояу жабынындағы ақауларды автоматты анықтайтын жасанды интеллект жүйесі әзірленді.
Осындай тәжірибені алдағы уақытта кеңінен таратамыз, — деді Ғылым министрі.
Айта кетейік, Үкімет отырысында машина жасау саласын дамыту мәселесі қаралып жатыр.
Қазақстанның 19 оқу орнында автоөнеркәсіп мамандары даярланып жатыр.