Қазақстанның 19 оқу орнында автоөнеркәсіп мамандары даярланып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Автомобиль өнеркәсібі үшін кадр даярлау еліміздің 19 жоғарғы оқу орнында 34 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып келеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек автоөндіріске кадр даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
Министрдің айтуынша, бүгінде автокөлік өндірісіне қажетті инженерлік мамандықтар бойынша 4 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінген.
— Сонымен қатар «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы да әлемдік деңгейдегі мамандар даярланып келеді. Осы уақытқа дейін 176 маман дайындалды. Қазір 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр, — деді министр.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдан бастап инженерлік кадрларды даярлаудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Бұл жүйе инженерлік білімді біріздендіруге, оқу бағдарламаларын жаңартуға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге және мамандардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Бүгінде елімізде 9 салалық және 20 өңірлік жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы әзірленген. Олардың қатарында «Машина жасау» және «Көлік және логистика» салаларының атластары, сондай-ақ Қарағанды мен Қостанай облыстарының өңірлік атластары автомобиль жасау саласына қажетті мамандықтарды қамтиды.
Нәтижесінде 31 жаңа мамандық енгізіліп, 22 қолданыстағы мамандықтың мазмұны жаңартылады. Осыған байланысты жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын қайта қарап жатыр. Министр алдағы уақытта бұл атластарды өндіріс орындарымен бірлесіп тұрақты түрде жаңартып отыру маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, Үкімет отырысында машина жасау саласын дамыту мәселесі қаралып жатыр.