Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық теннисшілер екінші рет қатарынан Астана турнирінің финалына дейін жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Астана ITF W15 турнирінің финалында өнер көрсетті.

в
Фото: _arstnbkva_a_

Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық жұп үш кездесуін жеңіспен аяқтады. 

Іңкәр мен Асылжан жартылай финалда ресейліктер Эдда Мамедова – Полина Старковадан айласын асырды – 5:7, 7:5, 10:4.

А.Арыстанбекова – І.Дүйсебай финалда жапониялықтар Ринко Мацуда – Сера Нишимотомен чемпиондық атақты сарапқа салды. Жеңіс жапониялық жұптың еншісінде кетті – 6:3, 6:1. 

Осылайша, қазақстандық дуэт екінші рет қатарынан Астана турнирінің финалына дейін жетіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Өткен аптада Асылжан мен Іңкәр соңғы бәсекеде оңтүстіккореялық Гауль Джанг – ресейлік Мария Шолоховаға есе жіберген еді – 4:6, 2:6. 

Қазақстанның ерлер арасында екінші, әлемнің 100-ракеткасы Александр Шевченко жекелей сында Гштаад (Швейцария) ATP 250 турнирінің жартылай финалында ойнады. 

Қазақстандық теннисші тартысты матчта кезінде әлемдік рейтингіде үшінші орынға дейін көтерілген, қазір 85-сатыдағы грекиялық Стефанос Циципасқа есе жіберді – 4:6, 6:3, 3:6. 

Бір сағат 53 минутқа созылған бәсекеде А.Шевченко 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Циципас 3 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Осылайша, Александр Шевченко финалдан тыс қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Румыниядағы Яссы турнирінде жарыстың 1-ракеткасын жеңген Жібек Құламбаеваның финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Шевченко Швейцариядағы турнирде Бубликтің кеткен есесін қайтарды