Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Румыниядағы Яссы турнирі: жарыстың 1-ракеткасын жеңген Жібек Құламбаева финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Яссы (Румыния) WTA 250 турнирінің финалына жолдама алды.

Румыниядағы Яссы турнирі: жарыстың 1-ракеткасын жеңген Жібек Құламбаева финалға шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші армениялық Алина Чараевамен бірге жартылай финалда жарыстың 1-ракеткалары, бельгиялық Магали Кемпен – ресейлік Александра Пановаға тап келді.

Бірінші партия 6:4 есебімен қазақстандық-армениялық жұптың пайдасына шешілді.

Екінші сетте тай-брейкте Жібек пен Алина таразы басын аудара білді – 7:6 (7:3).

Бір сағат 50 минутқа созылған бәсеке барысында Жібек Құламбаева – Алина Чараева эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Кемпен – Панова 2 эйс, 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Осылайша, сенсация жасаған Жібек Құламбаева – Алина Чараева финалда ресейлік Ирина Хромачева – чехиялық Анна Детюк немесе чехиялықтар Доминика Малечкова – Магдалена Скох жұптарының жеңімпазымен чемпиондық атаққа таласады.

Қазақстанның екінші, әлемнің 82-ракеткасы Юлия Путинцева жекелей сында ширек финалда рейтингіде 97-орындағы мысырлық Маяр Шерифке жол берді – 2:6, 6:3, 6:7 (5:7).

Сөйтіп, Юлия Путинцева жартылай финалдан тыс қалды.

Еске салайық, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Румыниядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Александр Шевченко Швейцариядағы турнирдің ширек финалында ойнайды.