Қазақстандық UFC спортшылары Бакудегі турнирге дайындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – 27 маусымда Бакуде өтетін UFC Fight Night турнирінде октагонда бақ сынайтын қазақстандық файтерлер Әзербайжандағы Қазақстан елшілігіне барды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің аймақтағы меншікті тілшісі.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Алим Байель спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын құттықтап, алдағы жекпе-жектерінде сәттілік тіледі.
Кездесуге спортшылар Асу Алмабаев (UFC рейтингінде 8-орында) және Бекзат Алмахан, сондай-ақ олардың жаттықтырушылары қатысты. Тараптар алдағы жекпе-жектерге дайындық, ұйымдастыру мәселелері және қазақстандық жауынгерлердің аралас жекпе-жек өнері ірі турнирлерінің біріне қатысуының маңызын талқылады.
Елші олардың халықаралық аренада Қазақстанды лайықты түрде танытатынына сенім білдірді.
Бапкерлердің айтуынша, дайындықтың соңғы кезеңі Бакуде өтіп жатыр. Команда бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу және алдағы жекпе-жектерге толық бейімделу үшін Әзербайжанға алдын ала келді.
- Негізгі жұмыс артта қалды. Енді ең қиын бөлігі – салмақ жасау. Команда керемет көңіл күйде, біз тек жеңіске дайындалып жатырмыз. Біз Қазақстанды таныстырамыз және жанкүйерлеріміз алдындағы жауапкершілігімізді түсінеміз, - деді «DAR Team» жекпе-жек клубының бас бапкері Эдуард Базров.
Ол турнирде жеңіске жету спортшылар мансабындағы маңызды қадам болуы мүмкін екенін және оларды UFC чемпиондық белжіктеріне жақындата алатынын атап өтті.
- Екі боксшының да болашағы зор. Жеңіс оларға рейтингте көтерілуге жол ашады. Ал болашақта олар титул үшін күресуге мүмкіндік алады. Қазақстанда әлі UFC чемпиондық белдігі жоқ, бірақ біз бір күні оны үйге қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, - деді бапкер.
Бұл ретте ол екі қазақстандықтың да тәжірибелі қарсыластарымен қиын жекпе-жектерге тап болатынын, сондықтан команда дайындыққа өте байыпты қарайтынын атап өтті.
UFC Fight Night қашан өтеді
Еске сала кетсек, UFC Fight Night 27 маусымда Бакуде өтеді. Іс-шараны ұйымдастырушылар бұған дейін хабарлағандай, жарысқа қызығушылық өте жоғары болды. Билеттерді 67 елдегі жанкүйерлер сатып алды. Сатылған барлық билеттің шамамен жартысын халықаралық көрермендер алды. Турнирге ең үлкен қызығушылықты Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Түркия және Израильден келген MMA жанкүйерлері көрсетті.
Осыған дейін қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов 37 жасында UFC ұйымына қайта оралуы мүмкін екені хабарланды.