Қазақстандық жас АҚШ-тағы беделді көшбасшылық бағдарламасына қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық кәсіпкер, SmartestPrep білім беру стартапының негізін қалаушы Лаура Вайгорова кәсіби және көшбасшылық қабілеттерді дамытуға арналған CAMCA Fellowship 2026 халықаралық бағдарламасының қатысушысы атанды.
Аталған бағдарламаға Орталық Азия, Кавказ, Моңғолия және Ауғанстан елдерін біріктіретін CAMCA өңірінен небәрі 12 жас көшбасшы іріктеледі. Биыл Лаура Вайгорова Қазақстаннан таңдалған жалғыз қатысушы болды.
Айта кетерлігі, қазақстандық кәсіпкер бұл мүмкіндікке екінші талпынысында қол жеткізген. Алғашқы өтінімі мақұлданбағанымен, ол қайтадан құжат тапсырып, іріктеуден сәтті өткен.
– Бес апта бойы қатысушылар Вашингтонда болып, мемлекеттік органдардың өкілдерімен, саясаткерлермен, журналистермен, зерттеушілермен, халықаралық ұйымдар мен бизнес көшбасшыларымен кездеседі. Бағдарлама АҚШ-тың мемлекеттік және жекеменшік секторларының жұмысымен жақын танысуға, халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеуге және түрлі деңгейде шешім қабылдайтын тұлғалармен тікелей тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, – дейді Лаура Вайгорова.
CAMCA Fellowship бағдарламасы АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі, мемлекет қайраткері Дональд Рамсфельд негізін қалаған Rumsfeld Foundation қорының қолдауымен жүзеге асырылады.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – CAMCA өңіріндегі болашағынан үміт күттіретін көшбасшыларды біріктіру, ұзақмерзімді кәсіби байланыс қалыптастыру және өңір мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Жоба өз елінің дамуына үлес қосып жүрген әрі халықаралық деңгейдегі бастамаларды жүзеге асыратын жас мамандарға арналған.
– Бағдарлама тек Вашингтондағы жұмыспен шектелмейді. Қатысушылар АҚШ-тың тағы екі ірі қаласына барып, жергілікті билік органдарының, бизнес қауымдастықтарының және қоғамдық институттардың қызметімен танысады. Бұл елдің астанадан тыс өңірлеріндегі өмірді де жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді, – дейді Лаура Вайгорова.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, CAMCA Fellowship түлектері үшін бұл бағдарлама жаңа кәсіби мүмкіндіктерге, халықаралық серіктестікке және ортақ жобаларға жол ашады.
SmartestPrep білім беру платформасының негізін қалаушы ретінде Лаура Вайгорова шетелде білім алғысы келетін жастармен жұмыс істейді. Оның айтуынша, бағдарламаға қатысу өңірдегі көшбасшылармен тәжірибе алмасуға, жаңа байланыстар орнатуға және Қазақстандағы білім беру бастамаларын дамытуға тың идеялар әкелуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар CAMCA Network түлектер қауымдастығының құрамына кіріп, халықаралық жобалар мен жаңа бастамаларды бірге жүзеге асыруды жалғастырады.
Айта кетейік, қазақстандық оқушылар Еуропаны бағындырды: 9 қатысушының бәрі жүлдегер атанды.