Қазақстандық жас теннисші Латвиядағы турнирде үздік шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Латвияның Айзкраукле қаласында жастар арасында ITF J30 турнирі мәресіне жетті.

Аталмыш додаға әлемнің жас теннисшілері жиналды, солардың арасында қазақстандық Иван Пономарев ерекше көзге түсті.
Отандасымыз жұптық сында литвалық Марк Гриазутин Тверскиймен бірге чемпион болды. Финалда қазақстандық-литвалық жұп жергілікті дуэт Александровас – Бандзевисиусті камбэкпен жеңді – 1:6, 6:4, 10:5.
Иван мен Марк жарыс барысында техникаларының жоғары екенін, сондай-ақ табандылықтарын таныта білді.
Осылайша, Иван Пономарев спорттық жолында жұптық сында ITF Juniors додасында екінші титулына қол жеткізді. Бұл оның кәсіби деңгейінің өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжің турнирінде жарыс жолынан шығып қалғанын жазған едік.