Қазақстандықтар қанша су тұтынады

АСТАНА. KAZINFORM – Тұтас әлемде су тапшылығы мәселесі өзекті бола түсуде және Қазақстанды да айналып өтпейді. Елімізде қанша су тұтынылады және болашақта су тапшылығы болуы мүмкін бе? Бұл сұрақтарды Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы зерттеп көрді.

Сколько воды тратят казахстанцы
Коллаж: Kazinform/ DALL-E/ Freepik

Судың да сұрауы бар

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы мәселелері көтерілген. Қасым-Жомарт Тоқаев «Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы» екенін атап өтіп, көрші елдермен әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керегін айтты. Сондай-ақ, Президент суды шақтап пайдалану мәдениетін де бірнеше рет еске салған еді.

— Бүгін де суды ұтымды және үнемді пайдалану мәселесіне назар аударылды. Мен де бұл туралы пікірімді айтып жүрмін. Бұл, менің ойымша, өте өзекті мәселе. Бұл жерде біздің волонтерлер де өз үлесін қоса алады. Бірақ, өкінішке қарай, бізде су үнемдеу мәдениеті болған жоқ. Бұл әдетті бойға сіңіру керек, — деді Тоқаев жастардың кадрлық резерві форумында сөйлеген сөзінде.

Су мен коммуналдық ресурстарды тиімсіз пайдалану әлемдік күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің біріне айналды. Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда бір өнімді өндіруге жұмсалатын судың орташа мөлшері 109 м³ құраған. Бұл Ресей мен АҚШ-тағы көрсеткіштен үш есе (44 м³) және Аустралиямен салыстырғанда алты есе көп (21 м³). Аталған дерек су ресурстарының айтарлықтай рәсуа болатынын және су үнемдеу технологияларын енгізу қажеттігін көрсетеді.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Қазақстанға су қайдан келеді

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлағандай, Қазақстан аумағы гидрографиялық қағидатпен 8 су шаруашылығы бассейніне бөлінген: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас.

Су ресурстарының негізгі көлемін жерүсті сулары қамтамасыз етеді (орташа көпжылдық көлемде 106 км3). Осы көлемнің 55,7%-ы біздің еліміздің аумағында, қалған 44,3%-ы – Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендер ағыны арқылы қалыптасады.

2023 жылы экономика салалары мен халықтың қажеттілігіне 24,9 км3 су алынған. Министрлік түсіндіргендей, су алу тенденциясы тұрақты, бірақ елдің батысындағы мұнай-газ секторы мен Орталық Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібі секторының даму қарқыны жеделдеуіне байланысты бұл көлем ұлғаюы мүмкін. Айта кетейік, 2020 жылы су алу деңгейі 24,9 км3, 2021 жылы — 24,5 км3, ал 2022 жылы — 25,0 км3 құраған.

Су қайда жұмсалады

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жалпы жиналған судың 23,5%-ы өнеркәсіпке кетеді, оның 94,7%-ы жер үсті көздерінен және 5,3%-ы жер асты көздерінен алынады.

Инфографика
Инфографика: Kazinform

Ең көп су — жалпы алынған судың 60% ауыл шаруашылығына жұмсалады. Орта есеппен 2020 жылдан 2023 жылға дейін ауыл шаруашылығына 14,8 км3 су алынса, оның 77%-ы – 1,18 млн гектар аумақта тұрақты суару қажеттіліктеріне пайдаланылған. Бұл үшін 98,8% су жерүсті көздерінен алынған.

Ал шаруашылық пен ауыз су мақсаттарында су тұтыну үлесі жалпы алынған судың 4% (1 км3) ғана құрайды.

Сарапшылар не дейді

Water Hub халықаралық зерттеу орталығының директоры Анатолий Рябцев су тапшылығынан зардап шегіп отырмағанымызды айтуда.

− Қазақстандағы ең қатты су тапшылығы Маңғыстау облысында байқалады. Ол аумаққа Ақтау ЖЭО-нан су келіп түседі. Қазақстанның қалған облыстары сумен тұрақты қамтамасыз етілген. Ал су тапшылығы болжанып отырған жоқ. Өйткені бізде жерасты суларының шамамен 15 км3 қоры бар – біз оларды ауыз су үшін де пайдалана аламыз. Мұны жеткілікті қор деп айтуға болады, тіпті жерүсті су көздері болмаса да, халық зардап шекпеуі үшін суды алуға немесе әкелуге болады, − дейді сарапшы.

Оның айтуынша, су ресурстары климаттың өзгеруіне байланысты жылдар бойы азая түседі және бұл егіншілік сияқты салаларға әсерін тигізеді. Су ресурстарының азаюы Сырдария, Шу, Талас өзендеріне және басқа да тау көздеріне қатысты болады.

Сонымен бірге, спикердің айтуынша, суды оңды-солды және тиімсіз пайдалану мәселесі Қазақстан үшін әлі де өзекті.

— Біз кейде су ресурстарын тиімсіз пайдаланамыз. Көлік жууға жақсы, тұщы суды қолдана береміз, бұл нағыз бұзушылық. Қазір жаңа Су кодексі жобасы әзірленіп жатыр. Онда таза табиғи суды мақсатсыз қолданғаны үшін нақты шаралар көзделеді, — деп толықтырды Анатолий Рябцев.

Анатолий Рябцев
Фото: eldala.kz

Сарапшылардың пікірінше, автокөлік жуу орындары сияқты кәсіпорындар судың көлемі мен пайдаланылуы бойынша қалалық су арналарымен жеке келісім жасайды. Алайда, нақты нормалар мен ережелер нормативтік актілермен реттелмеген. Министрлік бұл мәселе күн тәртібінде тұрғанын түсіндірді.

− Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқа да салаларда су пайдаланушыларға арнайы рұқсат беріледі. Болашақта мұндай рұқсаттар су ресурстарын үнемдеу үшін суды қайта пайдалану жоспары бар адамдарға ғана берілетін болады, − деп түсіндірді ҚР ІІМ су ресурстарын мемлекеттік есепке алу және кадастр басқармасының басшысы Ерлан Жұмабаев.

Қазақстанға су тапшылығы төне ме

Қазақстанның сумен жабдықтау жүйесіндегі инфрақұрылым орта есеппен 40%-ға тозған. Елдегі су желілерінің едәуір бөлігі ескірген, олардың көпшілігі 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл ретте, Үкіметтің мәліметінше, Қазақстандағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 100 мың шақырымға жетеді, оның басым бөлігі күрделі жөндеуді немесе тіпті толық ауыстыруды қажет етеді. Кей аймақтарда су құбыры желілері мен сумен жабдықтау нысандары 50%-ға тозған, бұл судың босқа ағып кетуіне ықпал етеді және көрсетілетін қызметтердің сапасын төмендетеді.

Көптеген елді мекендер, әсіресе шалғай аудандар мен шағын қалаларда ауыз су тапшылығына және сапасына қатысты мәселелерге тап болады. Соңғы мәлімет бойынша, қалаларда сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу 98,9% және ауылдарда 96,6% құрайды. 89 қалалық елді мекеннің 65-інде тұрғындар 100% орталықтандырылған сумен қамтылған. Сондай-ақ, 6256 ауылдың 5130-ы сумен жабдықтау қызметіне қосылған.

Алдағы екі жылда еліміздің барлық өңірлерін орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамту жоспарлануда.

— Табиғи жағдай қандай болса да, климаттың өзгеруі немесе трансшекаралық су ресурстарының азаюы болса да, бұл ауыз су тапшылығына әкелмейді. Халыққа қажетті ауыз су көлемі жалпы су алудың тек 4% құрайды. Бірақ осыған қарамастан, суды ұқыпты тұтынуды насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, — деп хабарлады ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Сондай-ақ, 2025 жылы 1,4 млн адам тұратын 437 елді мекенде ауыз сумен жабдықтауды жақсарту үшін топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 30 жоба іске асырылуда.

ауызсу
Фото: Kazinform

Су ресурстарын басқарудағы реформалар

2024 жылдың қараша айында Мәжілісте жаңа Су кодексінің жобасы мақұлданды.

Кодекс су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелерін шешуге, су тапшылығының алдын алуға және климаттың өзгеруі жағдайында экожүйелерді сақтауға бағытталады. Құжат бес негізгі қағидаға негізделген:

Суды тіршілік пен экономикалық дамудың негізі ретінде тану.

Су ресурстарының экономикалық құндылығын есепке алу.

Жер үсті және жер асты суларын кешенді пайдалану.

Ұтымды пайдалану және суды үнемдеу.

Су ресурстарын басқару мәселелеріне жұртшылықты тарту.

Жаңа кодексте халық пен экономиканы су тапшылығы мен су нысандарының ластану қаупінен қорғауды қамтитын «су қауіпсіздігі» ұғымы жазылады. Сондай-ақ «экологиялық ағын» - су объектілерінің сарқылуын және деградациясын болдырмау үшін өзендердің, көлдердің және теңіздердің экожүйелерін қолдау үшін сақталатын судың ең аз көлемін білдіреді.

Су кодексі табиғатты пайдалануға, агроөнеркәсіп кешеніне, құрылысқа және энергетикаға байланысты 4 аралас кодекске (экологиялық, кәсіпкерлік, азаматтық және жер) және 9 заңға өзгерістер енгізуді қамтиды.

Осылайша, ел халқының су ресурстарын пайдалануы бойынша, сондай-ақ экономика салаларында қазіргі су пайдалану жағдайы сақталса, 2029 жылға қарай су тапшылығына байланысты елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны төмендейді. Сондықтан Қазақстанға су ресурстарын басқару саласындағы реформалар керек, халықты су үнемдеуге дағдыландыру қажет.

БҰҰ мәліметінше, әлемде 2,2 миллиард адам әлі де таза суға қол жеткізе алмай отыр. БҰҰ есебінде 2002-2021 жылдары құрғақшылықтан 1,4 миллиардтан астам адам зардап шеккені туралы мәлімет келтірілген. 2022 жылғы жағдай бойынша әлем халқының жартысына жуығы су тапшылығын бастан өткерді, ал төрттен бір бөлігі жаңартылатын көздерден алынатын тұщы су қорының 80%-дан астамын пайдаланып, су тапшылығының "өте жоғары" деңгейіне тап болды. БҰҰ климаттың өзгеруі осы құбылыстардың жиілігі мен ауырлауына әкеледі және бұл әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп болжап отыр.

Бұған дейін күнделікті ішетін ауыз судағы микроорганизмдер туралы материал жарияланған еді.

 

Соңғы жаңалықтар