Қазақстандықтар Кореяда 2028 жылдан бастап EPS арқылы жұмысқа орналасады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында еңбек көші-қоны саласында маңызды келісімге қол жеткізілді. 

Қазақстандықтар Кореяда 2028 жылдан бастап EPS арқылы жұмысқа орналасады
Фото: itij.com

Екі ел басшыларының келіссөздері қорытындысы бойынша екіжақты 13 құжатқа қол қойылды. Солардың бірі — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасында Жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесі (Employment Permit System, EPS) аясында қызметкерлерді жіберу және қабылдау туралы өзара түсіністік туралы меморандум.

Меморандум Қазақстан азаматтарының Корея Республикасында ресми әрі заңды түрде жұмысқа орналасуына жол ашады. Жұмысқа орналасуға қатысты барлық рәсім екі елдің уәкілетті мемлекеттік органдары арқылы ресми еңбек шарты негізінде жүргізіледі.

EPS жүйесі Корея Республикасында 2004 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жүйе жұмыс күші қажет кәсіпорындарға шетел азаматтарын ұйымдасқан түрде жұмысқа қабылдауға мүмкіндік береді. Корея тарапынан EPS жүйесінің жұмысын мемлекеттік HRD Korea ұйымы қамтамасыз етеді. Қазақстан тарапынан бұл бағытта уәкілетті орган мен еңбек мобильділігі орталықтары жұмыс істейді.

EPS аясында азаматтарға 3 жылға дейінгі мерзімге E-9 визасы беріледі. Визаны 4 жыл 10 айға дейін ұзартуға болады. Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасу бес негізгі бағытта жүзеге асырылады: өндіріс, құрылыс, ауыл және мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, сондай-ақ қызмет көрсету саласы.

2026 жылдың 14 тамызында Корея Республикасының Үкіметі Қазақстанды EPS жүйесіне қатысушы 18-ші мемлекет ретінде қосу туралы ресми шешім қабылдады. 2026 жылы жүйе бойынша шетелдік жұмысшыларға бөлінген жалпы квота 80 мың адамды құрайды. Қазақстан үшін жеке квота бағдарламаны толық іске қосқаннан кейін Корея тарапының шешімімен айқындалады.

2028 жылдан бастап Қазақстан азаматтарын EPS бағдарламасына қабылдау жоспарланып отыр. Оған дейін Қазақстан тарапы қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Атап айтқанда, Алматы қаласында арнайы EPS орталығы ашылып, EPS-TOPIK тестілеу жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ кандидаттарды Кореяға шығуға дейін даярлау ұйымдастырылады.

EPS жүйесінің іске қосылуы Қазақстан азаматтарына Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға, ресми еңбек тәжірибесін жинақтауға және кәсіби біліктілігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді. Мемлекетаралық деңгейдегі бұл ынтымақтастық жұмысқа орналасу рәсімдерінің ашық әрі реттелген түрде жүргізілуіне және екі елдің уәкілетті органдарының тікелей өзара іс-қимылына негіз болады.