Қазақстандықтар Тәжікстандағы балалар онкология орталығындағы науқастарға жаңа жылдық мереке сыйлады
АСТАНА.KAZINFORM — Жаңа жыл қарсаңында «Шифобахш» ұлттық медицина орталығының гематология бөліміндегі кішкентай науқастар қамқор қазақстандықтардан сыйлық алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жаңа жыл — ғажайыптар уақыты, мағыналы істер жасап, армандардың орындалатынын дәлелдеу уақыты. Мереке қарсаңында Тәжікстанда жұмыс істейтін отандастарымыз балаларға жаңа жыл ертегісінің бір бөлігін сыйлауға тырысты. Жиналған қаражат бірнеше палатаны жөндеуге, тұрмыстық техниканы, функционалды реанимация төсектерін сатып алуға және жаңажылдық сыйлықтарға жұмсалды.

— Осы уақытта балалардың қасында болатын адамдарға алғыс білдіру, оларды қолдау және олардың ауыр жұмысын бөлісу орынды. біз палаталарды жайлы ету үшін бар күшімізді салдық. Біздің бірлескен күш-жігеріміз арқылы бұл бастама осы кішкентай балалардың тезірек сауығуына, оларға күш-қуат беріп, ең бастысы, болашаққа деген сенім береді деп үміттенеміз. Егер балалардың жүзіне күлкі үйірілсе, біздің бекер күш жұмсамағанымыздың белгісі, — деді ұйымдастырушылардың бірі Айгүл.

Жетекші гематолог және медицина ғылымдарының докторы Фаришта Мұхаммаднабиева аурухана қаншалықты жақсы қаржыландырылғанына қарамастан, әрқашан проблемалар болғанын және болатынын атап өтті. Ал оларды шешуге берілген көмек баға жетпес көмек.

— Қолдауларыңыз, қосқан үлесіңіз үшін көп рахмет. Біз тек елшілік деңгейінде ғана емес, сонымен қатар қазақстандық әріптестерімізбен медициналық тәжірибемен бөлісуде де одан әрі ынтымақтастықты асыға күтеміз, — деді дәрігер.
Бұл науқанға қоса кішкентай пациенттерге тәтті сыйлықтар табысталды. Әрбір баланың асыл тілегі бар, ал еріктілер оларды орындауға тырысып, палатадағы өмірді жарқын етуге тырысты.