Қазақстандықтар тұрғын үйді жекешелендіру кезінде 15 жылға дейін бөліп төлей алады
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларына өзгерістер енгізді. Енді жекешелендірілетін тұрғын үйдің қалдық құнына қарай оны 15 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.
Қаулыға сәйкес, Қазақстан азаматтары бұрынғыдай мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір ғана тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы. Бұл ретте тұрғын үйді купондық тетік арқылы жекешелендіру азаматтың аталған құқықты пайдалануына кедергі келтірмейді.
Сонымен қатар құжатта тұрғын үйді жекешелендіру ұғымы нақтыланды. Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік тұрғын үй қорындағы өздері тұрып жатқан тұрғын үйді заңнамада белгіленген тәртіппен жеке меншігіне сатып ала алады.
Тағы бір өзгеріске сәйкес, негізгі жалдаушының отбасы мүшесінің бұрын жекешелендірілген тұрғын үйде 50 пайыз немесе одан аз үлесі болса, бұл оның кейін мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді жекешелендіру құқығынан айырылуына негіз болмайды.
Сондай-ақ жекешелендірілетін тұрғын үй құнын төлеу тәртібі өзгерді. Енді бөліп төлеу мерзімі тұрғын үйдің қалдық құнына қарай белгіленеді.
Атап айтқанда:
· тұрғын үйдің қалдық құны 15 млн теңгеге дейін болса, бөліп төлеу мерзімі 10 жылға дейін болады;
· тұрғын үйдің қалдық құны 15 млн теңгеден асса, төлемді 15 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.
Қаулы 2026 жылғы 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінің өзгеруі тұрғын үй бағасына айтарлықтай әсер етпегені хабарланған болатын.