Қазақстандықтардың емделуге жұмсайтын шығыны күрт өскен
АСТАНА. KAZINFORM — Бірінші кредиттік бюро Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнамаға сүйеніп, қазақстандықтардың медицина қызметтеріне жұмсайтын шығыны күрт артқанын мәлім етті.

— Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша қазақстандықтардың медицина қызметтеріне жұмсаған жан басына шаққандағы шығыны инфляциямен қосқанда 28,3% өскен (3600 теңгеден 4600 теңгеге дейін). Бұл — кейінгі екі жылдағы рекорд. Нақты мәндегі өсім — 14,9%, — деп жазылған сараптамада.
Бұл жерде тек медицина қызметтері мен тауарларына жұмсайтын шығын ғана есепке алынғанын айту керек.
Жан басына шаққандағы медицина шығындарының ең көп бөлігі тіс емдетуге кеткен — 2400 теңге. Инфляциямен қосып есептегенде 26%, нақты мәнде 11,8% өсім болған.
Жан басына шаққанда 2400 теңге деген тым аз сома болып көрінуі мүмкін. Бірақ Қазақстандағы 20 млн халық жылдың алғашқы үш айында түгел тіс емдетпегені белгілі.
Өйткені жан басына шаққандағы шығынды есептеген кезде елдегі бүкіл халықтың саны есепке алынады. Ал шығын сомасы ресми статистика түзу үшін екшелген 12 мың отбасының көрсеткіштерінен алынады.
— Ал ең жылдам өсіп жатқан шығын түрі ауруханаға жұмсайтын шығындар болған. Оның ішінде күндізгі стационар мен шипажайда ем алу шығындары да есепке алынған. Шығынның өсімі нақты мәнде 39,8%, инфляциямен қосқанда 54,1% болды. Ал дәрігер қызметі мен алғашқы қабылдауға бару шығындары инфляциямен қосқанда 5,7%, нақты мәнде 5,1% артқан. Жан басына шаққанда 559 теңге, — деп жазады DataHub.
Бірінші тоқсанда қазақстандықтардың жан басына шаққандағы табысы инфляциямен қосқанда 10,1% өскен. Ақшалай мәнде – 350,4 мың теңге. Ал бұл өсімнен инфляцияны алып тастаса, нақты мәндегі өсім 0,7% ғана.
Айта кету керек, жаңа Салық кодексі келесі жылы күшіне енсе, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметке салынатын ҚҚС 5%-ға дейін түсуі мүмкін.