Қазақстандықтарға мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері үшін өтемақы алу құқығы берілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — «Әділ сөз» қорының басшысы Қарлығаш Жаманқұлова Конституцияға мемлекет тарапынан келтірілген залалды өтеу туралы норманы енгізуді ұсынды.
— Мемлекет пен оның органдары туралы айтқанда, ең алдымен күн сайын адамдардың тағдырымен бетпе-бет келетін билік туралы сөз қозғаймыз. Қарапайым адам үшін дәл осы мемлекеттік шешімдер, рұқсаттар, тыйымдар, тексерулер немесе формалды жауаптар көбіне жұмыс істеу, білім алу, емделу немесе өз меншігін қорғау мүмкіндігін айқындайды, — деді Қ. Жаманқұлова Конституциялық комиссияның 8-ші отырысында.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілген зиянды өтеу — құқықтық мемлекеттің және құқықтар мен бостандықтардың декларативті емес, нақты сипатта болуын көрсетеді.
— Қазақстандықтар жария билік органдарының қызметінен келген залал үшін лайықты өтемақы алуы тиіс. Егер азаматқа әділетсіздік жасалса, ол жоғалтқан уақыты, жұмсаған қаражаты немесе тіпті моральдық зияны үшін өтемақы алу мүмкіндігіне ие болуы керек, — деді қор басшысы.
Сонымен бірге, мұндай конституциялық кепілдік азаматтарды қорғап қана қоймай, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз шешім қабылдау мен құқыққа қайшы әрекеттер жасау қаупін азайтатын тұрақты алдын алу әсерін де береді.
— Сот мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері немесе әрекеттері заңсыз деп таныған жағдайда, азаматтарға осындай өтемақы алу мүмкіндігін кепілдендіру қажет. Мұндай кепілдікті дәл Конституция деңгейінде бекіту Қазақстанның әрбір азаматының субъектілігін конституциялық деңгейде мойындау болмақ, — деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Айта кетейік, жаңа Конституция ел тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде жазылып жатыр.
Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова жаңа Конституцияның жобасы әрі қарай да қоғамның көз алдында, ашық талқылана беретінін айтты.