Қазақстанды Коста-Риканың баламалы энергетиканы дамыту тәжірибесі қызықтырады - Е.Ыдырысов (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанға іссапармен келген Коста-Рика СІМ басшысы Мануэль Гонсалес Сансамен кездесті.
None
None

Айта кетейік, жалпы Орталық Американың СІМ басшысының Қазақстанға сапары алғаш рет орын алып отыр. Екі елдің сыртқы істер ведомствосының басшылары екіжақты қарым-қатынастардың маңызды мәселелері бойынша пікір алмасты, кездесуде өзекті жаһандық мәселелер және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдары талқыланды. Е.Ыдырысовтың айтуынша, жалпы алғанда, Қазақстан мен Коста-Риканың тиімді әрекеттесуге барлық мүмкіншіліктері бар. «Коста-Рика Орталық Америкада ең бір қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Сол аймақта маңызды ойыншылардың бірі болып отыр, - деп атап өтті ол. - Коста-Рика баламалы энергетиканы дамытуда көптеген елдерге үлгі бола алады. Былтыр Коста-Рика өндірген энергия күштерінің 98 пайызы қайта жаңғыртылатын энергия көздеріне тиесілі. Ол су, жел және геотермалдық көздерден алынған энергия. Тәжірибесі өте құнды. Коста-Рика президенті БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлы отырысында атап өткеніндей, Коста-Рика көптеген елдерге тұрақты даму бойынша үлгі бола алады». Е.Ыдырысовтың сөзіне қарағанда, Коста-Рика өз өңірінде, Чили және Уругваймен бірге сыбайлас жемқорлығы төмен елдердің қатарында. «Бұл тәжірибе де бізді қатты қызықтырады. Біздің мемлекет бұл нәубетпен қарқынды күресуде. Сонымен қатар Коста-Риканың интеграциялық құрылымдардағы тәжірибесі де қызықты. Бұл елде бірнеше интеграциялық институттар құрылған. Біз осы тұрғыда, Латын Америкасы мен біздің аймақтың интеграциялық құрылымдары арасында ықпалдастық көпірін құру бойынша әңгіме өрбіттік. Мен, әрине бірінші кезекте, Еуразиялық экономикалық одақ турасында айтып отырмын», - деді министр. Гонсалес мырза өзінің іссапары барысында біздің елдің ресми тұлғаларымен кездеседі деп күтілуде. Атап айтқанда, ҚР Премьер-Министрімен, ҚР Парламенті Сенатының спикерімен, Энергетика, Инвестициялар және даму министрімен жүздеседі, Назарбаев университетіне бас сұғады, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының басшылығымен тілдеседі. «Коста-Рика мен Қазақстан арасында саяси көзқарастардың жақындығы да бар. Коста-Рика біздің ядролық қарусыздану және оны таратпау, лаңкестікке қарсы күрес және әлемдік қауіпсіздік жөніндегі жаһандық бастамаларымызды қолдайды. Коста-Рика мен Қазақстан Президенттері БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясында бірдей пікір мен ұсыныстар айтты. Біздің Президент барлық елдерге өздерінің әскери бюджеттерінің 1 пайызын БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын орындауға арналған арнайы қорға аударуда ұсынғанын айта кетейік. Коста-Рика президенті де осы тақылеттес ой айтты. Ол әлем мемлекеттеріне әскери бюджетті Даму мақсаттарына жұмсауды ұсынған болатын. Коста-Рикада осы тұрғыда өте ерекше тәжірибе бар. Коста-Рика өз армиясын таратып жіберген аз мемлекеттердің бірі. Ол өзінің қауіпсіздігін халықаралық құқық инструменттеріне сеніп тапсырды», - деп түйді сөзін ҚР СІМ басшысы. Өз кезегінде М.Гонсалес Санса, Қазақстанға сапары барысында екі елдің арасындағы тиімді ықпалдастықты орнатуға мүдделі екендігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар