Қазақстандық бизнес өкілдері австриялық әріптестерімен ынтымақтаспақ

Мәжіліске Қазақстан мен Австрияның машина құрылысы, тағам өнеркәсібі, мұнай-газ бен энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қаржы және инвестиция, сондай- ақ туризм сияқты өзге де бірқатар салалар бойынша компаниялардың өкілдері қатысуда.
Аталмыш шара барысында тараптар екі елдің инвестициялық климаттары жөнінде баяндап, екіжақты ынтымақтастықта дамыту мәселелерін сөз етуде. Осы сапар барысында қазақстандық бизнес-делегация өкілдері Австрия бизнесінің экспорттық мүмкіндіктері көрмесіне қатысты. Онда елімізден барған өкілдер қазақстандық индустрияның халықаралық деңгейдегі қызметі мен қазақстандық экспорттың мүмкіндіктері туралы баяндады. Бұл ретте әсіресе электротехника, мұнай-газ бен өзге де машина құрылысына қатысты мәселелер қамтылды.
Кездесу барысында екі елдің бизнес өкілдері өзара ынтымақтастықты дамытуға кедергі келтіріп отырған, салық, визалық қолдау сияқты жәйттерге қатысты пікірлерін ортаға салды.
Қазақстандық компаниялар баламалы энергетика, трансформаторларды бірлесіп, шығару мен оларды экспорттау, мұнай-газ құрылғыларын шығару, аппараттық қамтамасыз ету, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы техникаларын шығару сияқты өзге де бірқатар бағыттар бойынша бірлесіп қызмет етуді ұсынды.