Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық делегация Бакуде өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының І-ші жалпы отырысына қатысуда

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған Парламенттік делегация осы күндері Баку қаласында (Әзірбайжан) өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының І-ші жалпы отырысына қатысуда,

Қазақстандық делегация Бакуде өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының І-ші жалпы отырысына қатысуда

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін делегация жетекшілерінің қатысуымен ТүркіПА Кеңесінің отырысы өтеді.

Қыркүйектің 29-ы күні Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бірінші жалпы отырысы өз жұмысын бастайды. Осы маңызды басқосудың салтанатты ашылу рәсімі Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы Оқтай Асадовтың, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың құттықтауларымен басталады.

Сонымен қатар Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Айтібай Тағаевтың және Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахиннің сөз сөйлейтіні жоспарланған. 

Жалпы отырыстың күн тәртібіне ТүркіПа-ның Регламенті мен Хатшылығының Ережелерін талқылау, сондай-ақ Бас Хатшысы мен орынбасарларының кандидатурасын ұсыну мәселелері енгізілген. Осы жиынға қатысушылар күн тәртібіне сәйкес ТүркіПА-ның келесі жалпы отырысының өтетін орны мен мезгілін айқындайтын болады. Және де ТүркіПА бірінші жалпы отырысының Қорытынды құжатына қатысты мәселесін де талқыға салатын болады.

Күн тәртібін бекіткен соң, ТүркіПА парламенттік делегациясының мүшелері сөз сөйлейтіні көзделіп отыр.

Қазақстандық делегация құрамында ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат Ищанов, Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ұзаққали Елеубаев, Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Аманкелді Момышев, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бекболат Тілеухан бар.

Отырыс қорытынды құжат - Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Баку Декларациясын қабылдаумен аяқталады. Содан кейін ТүркіПА-ға мүше елдер Парламенттерінің төрағалары бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат береді.

ТүркіПА-ның жұмысы шеңберінде Әзірбайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевтің ТүркіПА-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің төрағаларымен кездесетіні көзделген. Осы сапар барысында делегация Бакудегі тарихи және қасиетті орындарға баратыны жоспарланған.