Қазақстандық делегация Брюссельде ЕО және Орталық Азия арасындағы жоғары деңгейдегі Үнқатысу отырысына қатысты
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Брюссельде Еуропа сыртқы іс-қимыл қызметінің Бас хатшысының орынбасары Хельга Шмидтің төрағалығымен ЕО және Орталық Азия арасындағы қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі Үнқатысудың бірінші отырысы болып өтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Іс-шараға қатысуға орталықазиялық бес мемлекет өкілдері шақырылды. Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков бастап барды.
Еуропалық одақ тарапынан ЕО Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, «Шығыс әріптестік», Орталық Азия, аймақтық ынтымақтастық және ЕҚЫҰ мәселелері жөніндегі департамент директоры Гуннар Вигант, ЕО Орталық Азия елдері жөніндегі арнайы өкілі Патриция Флор, ЕО Ауғанстандағы арнайы өкілі Вигаудас Ушацкас және басқа ресми тұлғалар өкілеттік етті.
Отырыс барысында аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті мәселелер талқыға салынды.
Диалог қатысушылары туындап отырған қатерлермен күресуде аймақтық және халықаралық үйлесімді нығайту, сонымен қатар заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымы, лаңкестік пен радикалды экстремизм салаларында өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қоса, Сириядағы жағдай бойынша, Иран ядролық бағдарламасы, ядролық, химиялық және биологиялық қаруды таратпау мәселелері бойынша халықаралық проблематика талқыланды. Қазақстанның осы орайдағы іргеленіп келе жатқан рөлі аталып өтілді, сонымен қатар Алматыда өткен «Ыстамбұлдық үдеріс» жөніндегі министрлік кездесу мен Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі халықаралық делдалдар алтылығының келіссөздеріне оң баға берілді.