Қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының Бас Ассамблеясы жұмысына қатысты

Сессия барысында қазақстандық делегация соңғы Бас Ассамблея кездесуінен кейінгі кезеңдегі «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Сессия барысында 2015 жылы Миланда өтетін көрменің, 2016 жылы Анталияда өтетін бағбандық көрме және Астана ЭКСПО-2017 мен Дубай-2020 көрме өкілдерінің есептері тыңдалды.
«ЭКСПО-2017» Комиссары халықаралық қатысушыларды шақыру, оның ТМД және Еуропа елдеріне алғашқы сапарлары, ҚР-дың ХКБ алдындағы міндеттемелерін орындау шаралары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, Р.Жошыбаев Астанада 22-24 қазанда ХКБ Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің қатысуымен өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық қатысушыларының бірінші жиыны мен «Болашақ энергиясы» форумы туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» өкілдері мастер, контент және коммуникациялық жоспар, құрылыс жұмыстарының жағдайы мен компанияның алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.
Қазақстандық тарап көрмені сапалы дайындау мен өткізу бойынша тиісті шараларды жүргізіп жатқандығын атап өтті.
Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында Р.Жошыбаев Франция Республикасының ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы мен Қазақстанға француз туристерін тарту бойынша Франция Сыртқы істер министрлігінің бизнес және халықаралық экономика департамент директоры Анес Ромате-Эспанмен және туризм бойынша мемлекеттік агенттік басшылығымен кездесулер өткізді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың даму жолдары мен алдағы 5-6 желтоқсанда болатын Франция Президенті Ф.Олландтың Астанаға сапары талқылады.
Р.Жошыбаев Францияның ЭКСПО көрмелерін өткізудегі тарихи рөлімен қатар баламалы энергия көздерін сәтті қолдану тәжірибесі ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбына сай үлес қосатындығын атап өтті.
Өз кезегінде Ромате-Эспань ханым ЭКСПО-2017 көрмесіне француз тарапының аса қызығушылық танытатындығын және жоғарғы технологиялар саласындағы жергілікті француз компанияларының көрмені ұйымдастыру жұмысына қатысатындығын атап өтті.
ҚР-дың Франциядағы Елшісі Н. Даненовтың қатысуымен өткен кездесу қорытындысы бойынша тараптар Францияның Астанадағы көрмеге қатысу талаптарын талқылау жұмыстары бойынша және Қазақстанға француз туристерін тарту бойынша атсалысуға келісті.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 3 айға - 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады. Көрмеге 100-ден аса мемлекет, 10-нан аса халықаралық беделді ұйымдар мен инновациялық технологиялар саласындағы көшбасшы компаниялар қатысады деп күтілуде.