Қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяда сапармен жүр

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда сапармен жүрген қазақстандық делегация еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін жан-жақты таныстырып, қазақ пен кәріс компаниялары арасында берік байланыстарды орнатуға мүдделі.

Қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяда сапармен жүр

Делегацияның құрамында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, «KaznexInvest» АҚ, «ENRC Logistics» ЖШС, «Қорғас» орталығы, «Көліктік логистиканы дамыту» ұлттық орталығы, «Кедентранссервис» АҚ,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекциясы,  «Қазтранссервис» АҚ және Ақтау порты өкілдері бар.

Сапардың негізі мақсаты - Қазақстанды Орталық Азия мен Еуразия аймақтарының арасындағы көліктік-логистикалық хаб ретінде таныстырып, кореялық әріптестерге «NewSilkRoad» жобасының экономикалық мүмкіндіктерін көрсету.

Осы уақытқа дейін қазақстандық делегация «Korail», «Hyundai», «General Motors», "Hanwa Securities», «Shinhan Financial Group»,  «PantosLogistics» (LG компаниясы өнімінің негізгі жеткізушісі), «SinotransKorea», «HanjanGroup», "Hanjin Shipping Group" және «UnicomLogistics» сияқты ірі компаниялармен бірқатар кездесулер өткізіп, бірнеше келісімге қол қоюды уағдаласты. Сондай-ақ кәріс экспортын жаңа бағыт: Пусан/Иншан порттары - Лянюньгань порты -  Достық/Алашаңқай стансасы арқылы тасымалдау ұсынылды. Болашақта кәріс тауарларын «Қорғас» индустриялық логистикалық хабы арқылы Еуропа және ТМД елдеріне жеткізуге әбден болады.

«Қазақстан теміржолы»  ұлттық компаниясының вице-президенті Ерхат Есқалиевтің ойынша, логистиканың 5С халықаралық стандарттарына сай келетін Шығыс-Батыс қатынасын жүзеге асыру үшін «Чунцин - Дуйсбург» контейнерлік пойызын іске қосу қажет. «Ол «HP», «ASUS» және тағы басқа жоғары технологиялы компьютерлік техниканы door-to-door қағидасымен 15-16 күн ішінде жеткізеді. Алдағы уақытта тауарды жеткізу мерзімін 12 күнге дейін қысқарту жоспарланып отыр», - дейді ол.

Қазақстандық делегация үшін Сеулден Пусан қаласына дейін қатынайтын жүрдек пойызымен сапар ұйымдастырылды. Пойыз жылдамдығы 300 км/сағ. Пусанда делегация өкілдері қала әкімшілігі басшылығымен кездесіп, жаңа порттың инфрақұрылымымен танысты. Сондай-ақ Сеул вокзалын көріп, Пусан айлағының жұмысын зерттеп шықты.