Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық десантшылар Беларусьта өтетін «Өзара іс-қимыл-2013» оқу-жаттығуларына қатысу үшін ұшып кетті

АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысындағы «Жетіген» аэродромынан С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен Аэроұтқыр әскерлері десантты-шабуылдаушы бригадасының әскери қызметшілері Беларусь Республикасына ұшып кетті.

Қазақстандық десантшылар Беларусьта өтетін «Өзара іс-қимыл-2013» оқу-жаттығуларына қатысу үшін ұшып кетті

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҰҚШҰ Жедел ден қою күштерінің бірлескен оқу-жаттығулары Беларусь Республикасының аумағында 2013 жылғы 20-26 қыркүйек аралығында өтеді. Оған Армения Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Республикалары қарулы күштерінің контингенттері қатысады.

Қазақстаннан оқу-жаттығуларға Аэроұтқыр әскерлерінің Талдықорғанда шоғырланған бригадасының десантты-шабуылдаушы батальоны қатысады. Батальон командирі - капитан Әсет Серікбаев.

Осының алдында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары, генерал-майор Руслан Әлімов бастаған Қазақстан Қарулы Күштерінен іріктелген жедел топ Беларусь Республикасына ұшып барған болатын.

Қазақстандық әскери қызметшілерге Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасынан қолбасшының бірінші орынбасары - Аэроұтқыр әскерлерінің штаб бастығы полковник Талғат Ысмайылов жетекшілік етеді.

- Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер өз ісінің шынайы шебері екенін дәлелдеп келеді. Бүгін Беларусь Республикасына ұшып бара жатқан десантшылардың көбі бірнеше халықаралық оқу-жаттығуларға қатысқан, - деп атап өтті полковник Т. Ысмайылов. - Халықаралық оқу-жаттығулардағы тәжірибесі мен жоғары жауынгерлік дайындықтарымен біздің әскери қызметшілер өзге әскери контингенттермен өзара іс-қимыл тапсырмаларын сәтті орындайтынына сенімідімін.