Қазақстандық дипломат Венгрияның «Серілік крест» орденімен марапатталды

Қазақстандық дипломатқа марапатты Венгрияның Ұлттық экономика министрі Михай Варга тапсырды. Ол дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бастап Рымтай Кәрібжановтың екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту және кеңейту бағытындағы өнімді әрі тиімді жұмыс жүргізгенін атап көрсетті.
Осыны басшылыққа ала отырып, Венгрия Үкіметі Р. Кәрібжановты «Серілік крест» орденімен марапаттауға шешім қабылдады. М. Варганың сөзіне қарағанда, «бұл Венгрия тарихында шетелдік азамат «Серілік крестті» тұңғыш рет иеленіп тұр - бұған дейін орден тек қана Венгрия азаматтарына тапсырылатын болған». Сонымен қатар ол қазақстандық дипломаттың қызметіне өз құрметін білдіріп, әзіл ретінде «Рымтай Кәрібжановты жартылай мажар деп санайтынын» айтты.
Салтанатқа қатысқан белгілі қазақстандық дипломат, тәуелсіз Қазақстанның бірінші Сыртқы істер министрі және біздің еліміздің Венгриядағы бұрынғы елшісі (1996-2001 жж.) Төлеутай Сүлейменов «Кәрібжановтың үлкен сарапшы-елтанушы екенін, венгр тілін өте жақсы білетінін, Қазақстан мен Венгрия арасындағы екіжақты ынтымақтастығы үшін көп еңбек сіңіргенін және бұл жоғары марапатқа лайық екенін» атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша «бүгінгі оқиға еліміздің сыртқы саяси ведомствосының тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі болып табылады».
Өз кезегінде, үлкен ілтипатқа көңілі босаған Рымтай Кәрібжанов бұл марапат, бірнші кезекте, Қазақстанның және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының әлемдік аренадағы қазіргі рөлін мойындауға қызмет ететінін атап айтып, «оның шағын еңбегін осынша жоғары бағалағаны үшін» алғыс білдірді.