Қазақстандық «Еуразия» жобасы аясында халықаралық консорциум құру көзделеді - Үкімет басшысы

Бүгін Астанада өз жұмысын бастаған «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының VIII Еуразиялық форумының салтанатты ашылуы барысында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осылай мәлімдеді.
Форумның маңызына тоқтала келе Үкімет басшысы, оның аясында жаңа қазақстандық «Еуразия» жобасы талқыланатынын атап өтті. Премьердің айтуынша, мұнда негізгі мәселе халықаралық консорциум құру туралы болып отыр. «Елбасы тапсырмасына сәйкес энергетикалық ресурстарды қолданудың жоғары технологиялық жүйесі құрылып жатыр. Қазіргі уақытта шикізаттарды іздеуден бастап тауарларды өндіруге дейінгі жұмыс толығымен қарастырылуда. Бұл ретте мұнайды қайта өңдеу мен мұнай химиясын дамытудан бастап, энергия үнемдеу шараларын жетілдіру, дәстүрлі энергия көздерін «жасыл» энергия деңгейіне дейін жеткізіп, жаңартылатын энергия көздерін дамыту шаралары қамтылады», - дейді Премьер-Министр.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысы бұған дейінгі форумдар мемлекет пен бизнес арасындағы өзара әрекеттестікті нығайтудың айтарлықтай жоғары әлеуетін көрсетіп, энергетикалық саладағы өзекті ұсыныстар мен шешімдерді жасауға белсенді түрде ықпал еткенін айтты. «Форум болашақта да бұл маңызды міндетін атқара береді деп сенемін», - деді С. Ахметов.