Қазақстандық компаниялар Беларусьтың өндірістік нысандарын жекешелендіре алады
АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның Беларусьтағы Елшісі Ерғали Бөлегенов екіжақты ынтымақтастықты одан әрі орнықтыру және үдету үшін өңірдің әлеуеттік мүмкіндіктерін анықтау мақсатында Брест облысында болды.
«Брест облыстық атқарушы комитетінің төрағасымен болған әңгіме барысында қазақстандық компаниялар жекешелендіруге қатыса алатын облыстың өндірістік нысандарының тізімін ұсыну туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ бірлесіп әзірлеу және іс жүзіне асыру үшін нақты екі-үш жоба анықталды», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің 29 мамыр күні таратқан хабарламасында.
СІМ-нің мәліметтеріне сәйкес, Брест облысының губернаторы Константин Сумармен, «Брест» еркін экономикалық аймағы әкімшілігінің басшысы Виктор Невдахпен, Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы Брест бөлімшесінің бас директоры Валерий Лабунмен және кәсіпорындардың басшыларымен болған келіссөздер барысында сауда-экономикалық ықпалдастықтың негізгі бағыттары белгіленді.
Мәселен, қолданыстағы келісімшарттық-құқықтық базаны талқылау барысында тараптар Беларусьтың Брест облысы мен Қазақстанның Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары арасындағы негізгі келісімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, қайта қол қоюға уағдаласты.