Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық компаниялар «ПРОДЭКСПО-2012» Халықаралық көрмесінде 14 млрд. теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасасты

АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының бірқатар кәсіпорындары 19-шы Халықаралық «ПРОДЭКСПО-2012» азық-түлік көрмесіне қатысу барысында бірқатар келісімдерге қол жеткізді.

Қазақстандық компаниялар «ПРОДЭКСПО-2012» Халықаралық көрмесінде 14 млрд. теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасасты

ҚР Экономикалық даму және  сауда министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресей және басқа да елдердің кәсіпорындарымен әріптестік және өнімдерді жеткізу мен іске асыру бойынша келісімшарттар бекітілді.

Естеріңізге сала кетейік, аталған министрлік осы жылдың 13-17 ақпаны аралығында Мәскеу қаласында өткен көрмеге  қазақстандық 15 компанияның қатысуын қамтамасыз еткен болатын.

Көрмеге қатысқан Қазақстанның жетекші компаниялары мен мекемелерінің арасында «Семей ет зауыты» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Caspian Beverage Holding» АҚ, «Визит» АҚ, «МПЗ Бижан» ЖШС,  «Кублей» ЖШС, «Қарағанды кәмпиттері» АҚ, «Tea House» ЖШС, «ЭкспАгро» ЖШС, «Шығыс» наубайханасы, «Сұлтан Маркетинг» ЖШС, «Цесна-Астық» Концерні,  «Сольтрест» (ТМ «Аралтұз») ЖШС, «Оңтүстік Қазақстан жеміс консерві зауыты» және «Абзал и Компания» серіктестігі бар.

«ПРОДЭКСПО-2012»  Шығыс Еуропа мен Ресейдегі азық-түлік саласындағы беделді шаралардың бірі болып табылады. Аталмыш шараға 55 елдің тауарлары қойылды. Сондай-ақ 30-дан аса елдің ұлттық экспозициялары ұсынылды.

Қазақстандық 15 компанияның 13-і шараны 50 млн.теңге (300 мың АҚШ доллары) сомасына қаржыландыра отырып 1,4 млрд.теңгеден артық сомаға өнімді жеткізу бойынша келісімдер мен экспорттық келісімшарттар жасасты. ПРОДЭКСПО көрмелерінде Қазақстан мұндай жетістіктерге алғаш қол жеткізіп отыр.